Салтанатты жиын барысында сөз алған «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Есен Қайыржан бұл көрнекті композитор, жазушы, өнертанушы, сөз өнері мен саз өнерінен қонған қасиетті қатар ұстап, қылқаламды жанына серік еткен біртуар тұлғаға берілген лайықты марапат екендігін атап өтті.
«Сіз – қазақ мәдениетінің тұғырлы және көрнекті тұлғасысыз. Әуезді әндеріңіз, әдеби туындыларыңыз және зерделі зерттеулеріңіз ұлт руханиятына қосылған құнды қазына болып табылады. Мұнайлы Ембінің трест болып құрылуы Доссор өлкесінде ашылған кен орнынан бастау алған. Илья Жақанов ағамыздың «Доссор вальсі» – бүгінде ембілік еңбек өрендерінің сүйікті туындысы. Бұл ән Доссор мұнайының 90 жылдығына арнап жазылған болатын. Қазақ халқының рухани байлығын еселеп, ұлттық музыка өнерін дамытуға қосқан өлшеусіз үлесіңіз үшін ембілік мұнайшылар атынан алғысымды білдіремін, – деді ЕМГ Басқарма төрағасы Есен Қайыржан.
Кеш барысында Илья Жақановтың өмір жолы мен шығармашылығынан үзінділер келтірілген театрландырылған қойылым және концерттік бағдарлама көрермен назарына ұсынылды. Жантөрин атындағы филармония әншілері мен ембілік мұнайшы-қызметкерлер композитордың елге кеңінен тараған әндерін орындап, жиналғандарға жақсы әсер қалдырды. Кеште қатысушылар мерейтой иесінің кітаптары, музыкалық еңбектері қамтылған көрмені қызығушылықпен тамашалады.
Өнер кеші соңында Илья Жақанов сөз алып, биыл ғасыр тойын атап өтіп жатқан «Ембімұнайгаз» АҚ ұжымына өзіне көрсетілген құрметі үшін алғысын білдірді.
Илья Жақанов – қазақтың маңдайына біткен композитор, жан-жақты талант иесі. Екі жүзге жуық әндердің авторы «Екі жирен», «Бірінші концерт», «Қарабура» сынды тарихи топтамаларды жарыққа шығарған Илья Жақановтың қазақтың мәдениет пен өнер саласында өшпестей із қалдырды. Оның әндері де – ешкімге ұқсамайтын өзгеше туындылар.