Жаңа пошта маркасын таныстыру рәсімінде 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясының басшысы Наиль Нұров бұл оқиға көшпенді халықтардың бай мәдени мұрасын құрметтейтін және бағалайтын барлық жандар үшін маңызды іс-шара екенін атап өтті.
«5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – бұл тек спорттық іс-шара ғана емес, біздің дәстүрімізбен, мәдени мұрамызбен бірегей байланыстың құралы. Мерейтойлық пошта маркасын шығару – өткенімізге деген мақтаныштың және оны болашақ ұрпаққа жеткізуге деген ұмтылысымыздың символы. Бұл бастама көшпенді халықтардың мәдени дәстүрлерін сақтауға және дамытуға өз үлесін қосады деген сенімдеміз», - деді Наиль Нұров.
Мерейтойлық пошта маркасы 500 данамен шыққан. Яғни, санаулы. Бүгіннен бастап еліміздің әр өңіріндегі пошта бөлімшелерінен марканы пайдаланып, ел ішінде, алыс шетелге сәлемдеме, хат жолдауға мүмкіндік бар. Естелік ретінде сатып алсаңыз да болады. Бағасы – 500 теңге.
Айтпақшы, әлем бойынша хобби ретінде марка жинау екінші орында тұр екен. Бұл ретте, «Қазпошта» АҚ мамандары 10, 20 жылдан кейін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арналған мерейтойлық пошта маркасының құны аспандап кететінін болжап отыр.
«Қазпошта» АҚ Басқарма төрайымы Әсел Жанасова Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында мерейтойлық пошта маркасын шығару – мәдени мұрамызға деген құрмет белгісі ғана емес, көшпенді халықтардың дәстүрлерін сақтау мен насихаттауға қосқан елеулі үлес екенін атап өтті.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арналған мерейтойлық пошта маркасы бірегей филателиялық өнер туындысы болып табылады. Марканың авторы – Дүниежүзілік көшпенділер ойындары дирекциясының маркетинг бөлімінің басшысы Серік Буксиков. Маркада ежелгі дәстүрдің сақтаушысы «Бүркітші» бейнеленген. Ол табандылық пен адалдықты бейнелейді. Марканың орталық элементі – көшпенділер философиясында жүзеге асырылған өмірдің айналымы мен уақыт пен кеңістіктің бірлігін бейнелейтін гофрленген шеңбер екенін атап өткен жөн.