Өндіріс пен спортты қатар алып жүрген жұмысшы ҚБМ-да 11 жылға жуық уақыттан бері еңбек етіп келеді. Ол көптонналық техниканың дұрыс жұмыс істеуіне жауапты маман. Бауыржан күрделі механизмдерді реттей отырып, өндірістің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге зор үлес қосады. Жөндеу кезіндегі дәлдік дайындыққа да оң әсерін тигізеді. Жұмыс ауысымынан кейін спорт залдағы тұрақты дайындық мұнайшыны жеңіске біртабан жақындата түседі.
«ҚБМ-да жұмысшының жан-жақты дамуына мүмкіндік мол. Дайындықты негізгі жұмыспен қатар алып жүруге барлық жағдай жасалған. Кен орнында моторист болсам, кілем үстінде – спортшымын. Екі жақта да үздіктер қатарында болуға тырысамын. Өз елім мен компания абыройын асқақтатуға барымды саламын», – деді Бауыржан.
Расында, мықты дайындық өз жемісін береді. Дзюдодан өткен ардагерлер арасындағы турнирге 100-ден аса тәжірибелі спортшылар жиналды. Әріптесіміз қатысушылардың басым бөлігін құрайтын 66 келі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Қарсыластар мықты болған сайын түрлі әдістерді пайдаланып, асқан жауапкершілікпен қимылдау қажет. Бауыржан жылдар бойы жинаған тәжірибесі арқасында барлық жекпе-жекті жеңіспен аяқтады.
«Біз адамды салауатты өмір салтын сақтауға, өз ісін сүюге бағыт беріп, жеңіске талпынуға жігер сыйлап, өзіміз де жеке тұлға ретінде даму жолында мықты бола түсеміз. Мен осы жетістікпен ғана тоқталып қалғым келмейді. Өйткені, туыс-жақындарың, өміріңнің жартысын вахта ауысымында бірге өткізетін әріптестерің қашанда қолдау көрсетсе кез келген сыннан сенімді өтуге болады», – деп Бауыржан сөзін тамамдады.
Міне ҚБМ-да осындай жарқын жандар жұмыс істейді. Олар кен орнында өндіріс озаты болса, жұмыстан тыс кезде спорт шыңын бағындырады. Бастысы, олар үнемі ұжым қамқорлығын, қолдауын сезінеді. Бұл барлығынан бағалы марапат.