Жиында сөз алған «Қазкөліккәсіп» ҚБ Астана филиалының төрағасы Серік Сәрсекеев мұндай басқосудың өзара ынтымақтастықты дамытып, тәжірибе алмасуда және екі арадағы байланыстарды нығайтуда маңызды және қажет екенін атап өтті. Бұл іс-шара Екатеринбургте екінші рет өткізілуде. Жиынға Қазақстан темір жолы кәсіподағынан Маңғыстаудағы, Алматыдағы филиалдар төрағалары да қатысты.
Теміржол кәсіподағы халықаралық конфедерациясы бас хатшысы Геннадий Косолапов сала еңбеккерлерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты кәсіподақтардың іс-әрекеті қандай болатынына тоқталды. Осы ретте Оңтүстік Орал теміржолының Дорпрофжел Челябинск филиалының және Қазкөліккәсіп Қостанай филиалының өкілдері жеке тәжірибесімен бөлісті. Олар келісілген Жол картасы шеңберінде өзара іс-қимыл тәжірибесін айта отырып, осы жылға арналған жол картасы жобаларын таныстырды.
Іс-шара барысында сонымен бірге Меморандумның іс-шараларын БАҚ-та, әлеуметтік желілерде жариялау, жол картасын құру бойынша ұсынымдар қабылдау мәселесі де сөз болды. Екі ел теміржолының кәсіподақтары бірігіп, халықаралық футбол матчы, кәсіподақ жетекшілеріне арналған оқу семинары, т.т. маңызды іс-шаралар өткізілгені айтылды. Былтыр желтоқсанда «Қазкөліккәсіп» ҚБ өкілдері қонақ ретінде Ресейдегі IV Теміржолшылар съезіне қатысты. Биыл ақпан айында бірнеше офлайн және онлайн кездесулер өткізілді. Осындай бірлескен іс-шаралар биыл да жалғасын тауып, өңірлік кәсіподақтың дамуына бағытталған жұмыстар жүргізілетін болады.