Энергетиктердің кәсібилігі мен станцияларда орнатылған жабдықтың сенімді жұмыс істеуі сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстанға 1 050 млн кВтс электр энергиясын жеткізуге, соның ішінде Сырдария өзенінің төменгі ағысында вегетациялық суаруды қамтамасыз ету мақсатында қырғызстандық су қоймаларынан қосымша су жіберілуі үшін Қырғызстанмен тауар алмасу аясында жаз айларында 300 млн кВтс электр энергиясын жеткізуге мүмкіндік берді.
«Самұрық-Энерго» АҚ-ның энергия өндіруші ұйымдарының барлығы дерлік өздерінің жылдық міндеттемелерін орындап шықты. Кесте бойынша жұмыс істей отырып, «АлЭС» АҚ жылдық жоспарын 31 желтоқсанда орындауды көздеп отыр. «Шардара СЭС» АҚ-да биыл негізгі және қосалқы жабдықты жаңғырту бойынша ауқымды жоба іске асырылып, нәтижесінде СЭС-тің белгіленген қуаттылығы 100-ден 126 МВт-қа дейін ұлғайтылды. Су қоймасының алдағы маусымда толуына және генерациясы ұлғаюына орай, қаңтар-ақпан айларында СЭС өзінің жобалық қуаттылығына толығымен шығады деп күтілуде.
«Самұрық-Энерго» АҚ мен ресейлік «РусАл» БК тең негізде басқаратын компания – «Богатырь Көмір» ЖШС-нің кеншілері де көмір өндіру кестесінің алдында жүріп, жылды аяқтап келеді. 28 желтоқсандағы дерек бойынша, жылдық жоспарда көрсетілген 41 700 мың тоннаның орнына мұнда 42 452,4 мың тонна көмір өндірілген, яғни 102%.
2020 жылдың қорытындысы бойынша «Самұрық-Энерго» АҚ-ның Қазақстанда жалпы өндірілген электр энергиясынан алатын үлесі 28,7% деп бағалануда (былтыр – 30 200 млн кВтс немесе 28,5%). 2019 жылы компания өндірген көмірдің көлемі 44,8 млн тоннаны құрады немесе бұл Қазақстанда өндірілген бүкіл көмірдің 40%.