«Ұлттық компания жауапты жұмыс беруші ретінде мемлекеттің халықты вакцинациялау бойынша жүргізіп жатқан жұмысын толықтай қолдайтынын атап өткен жөн. Себебі біз қызметкерлеріміздің амандығы мен денсаулығын сақтау мәселесіне ерекше назар аударамыз», - делінген компанияның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Посмотреть эту публикацию в Instagram«ҚазМұнайГаз» компаниясында вакцинациялау мемлекеттік науқанның аясында ерікте түрде жүзеге асырылуда. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Әрбір азамат отандық QazVac, ресейлік Спутник-V немесе қытайлық Hayat-Vax вакцинасын таңдай алады. Екпені тұрғылықты жері бойынша емханаларда немесе «ҚазМұнайГаздың» өндірістік және әкімшілік нысандарында алуға болады. Бүгінгі таңда вакцинаны ұлттық компанияның мыңдаған қызметкерлері, оның ішінде басқарма төрағасы мен оның орынбасарлары салдырып үлгерді.
Әлеуметтік желілерде тарап жатқан ақпарат ішкі қызметтік хат алмасудың бір бөлігі болып табылады. Онда қауіпті індеттің алдын алу мақсатында қызметкерлерді вакцина алуға ынталандыру бойынша түрлі ұсыныстар жинақталған болатын. Қазіргі уақытта жауапты құрылымдық бөлімшелер осы және басқа да ынтыландыру шараларын жан-жақты қарастырып жатыр.
Айталық, қазіргі кезде екі компоненттің әрқайсысын алған барлық қызметкерлерге ақылы екі демалыс күні беріледі. Вакцина алған күні және одан кейінгі күні. Сонымен қатар, екпе алған қызметкерлер кен орындар мен кеңселерге ПТР-тестін тапсырмай кедергісіз кіре алады.
«ҚазМұнайГаз» өз тарапынан санитарлық талаптар мен еңбек заңнамасын сақтай отырып, өндірістің үздіксіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қабылдауды жалғастырады.