К 30-летию Независимости Казахстана | 31 мамыр 09:12

Екпенің ерекшелігі не? Мұнайшылар сұрақтарына жауап алды

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас ғимаратының мәжіліс залында Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы ақпараттық тобының Компания қызметкерлерімен кездесуі өтті. Кездесу мақсаты Компания қызметкерлеріне елімізде коронавирус инфекциясына қарсы жүріп жатқан вакцинация науқанының мақсат-міндеттерімен таныстырып, көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап беру.

Білікті мамандар вакцинация науқаны төңірегіндегі алып-қашпа әңгімелерді жоққа шығарып, ғылыми дәлелденген ақпараттар негізіндегі тұшымды мағлұматтармен сусындатты. Кең таралған жаңсақ пікірлер COVID-19-ға қарсы вакцина оны алған адамды белсіздікке ұшыратуы, генетикалық деңгейде зиян шеккізуі, немесе бірнеше уақыттан кейін басқа қатерлі ауруларға шалдықтыруы мүмкін деп келеді. Алайда мамандар коронавирусқа қарсы вакцинаның құрамында адам ағзасында вирусқа қарсы қорғаныш қасиетін арттыратын белсенді заттардан бөгде ештеңе жоқ екендігін дәлелдейтін мағлұматтар келтірді.

 

Одан бөлек пандемия салдарынан құтылудың және вирустың мутацияға ұшырап, қоғам ішінде келеңсіз жағдайлардың туындамауын қамтамасыз ету тек ұжымдық иммунитет тудыру яғни мейлінше көп адамның вакцина алуы арқылы ғана мүмкін екендігін алға тартты. Себебі вакцина алған адам тек өзін қорғап қана қоймады, ол сонымен қатар өзін қоршаған азаматтарға қауіп төндірмейді. Қазір жасалып жатқан амал-шаралардың барлығының түп мақсаты осы түсінікке қол жеткізу.