К 30-летию Независимости Казахстана | 21 шілде 13:31

Ел игілігіне еңбегі сіңген маман

Қаражанбас кен орны өндіріс өмірін бес саусағындай білетін мамандарға бай. Солардың бірі әрі бірегейі – Мадат Жайлаубай. Елуді еңсерген ол, қара алтын игеру саласына жарты ғұмырын арнаған жұмысшы.

Мадат Жайлаубай «Қаражанбасмұнай» АҚ-ндағы еңбек жолын мұнай өндіру цехінде оператор болып бастады. Содан бері арада ширек ғасыр өтті. Ал кейіпкеріміз өзіне жүктелген міндетті әлі күнге дейін мінсіз атқарып келеді.

«Қаражанбастың кешегі көрінісі көз алдымда. Ал қазір кен орны соңғы техникалық мүмкіндіктерді пайдаланып, асқан жылдамдықпен дамып келеді. Қазір Қаражанбасты елдегі еңселі компания қатарына ойланбастан қосар едім. Себебі, мұндағы мыңдаған жұмысшы ел мерейін асқақтату үшін тынымсыз тер төгеді», – дейді Мадат Жайлаубай.

Үнемі ізденіс пен дамуды қалайтын кейіпкеріміз еселі еңбегі үшін бірқатар марапаттар алған. Бұдан бөлек, Мадат Қаражанбаста қанат қатайтқан көптеген жас маманды еңбекқорлық пен кәсібилікке жетелеген жұмысшы. Өмірлік сыңарымен бірге жеті бала тәрбиелеп отырған ардақты әкенің отбасында да орны ерек. Ол алдағы уақытта да Маңғыстау мұнайының игерілуі жолында қалтқысыз қызмет ете бермек.