Ыбырай №1 мұнай өндіру цехының аумағында жұмыс істейді және 600-ден астам ұңғыма мен электр жабдықтарының үздіксіз жұмысын бақылайды. Кейіпкеріміз тәуекел мен жауапкершілік жүгінің ауырлығына қарамастан, мамандыққа деген қызығушылығының арта түсетінін айтады. Өйткені қызмет көрсетілетін нысандардың саны үнемі артып, жұмыс қызу жүреді екен.
«Біздің жұмысымыз кен орнының барлық цехтарымен тығыз байланысты. Қарапайым жарық беру мен желілерді жүргізуден бастап мұнай өндіруге, бу өндіруге, су айдауға арналған сорғы қондырғыларын электрмен жабдықтау сияқты қызмет атқарамыз. Мамандығымыз осы қасиеттерімен маңызды. Жұмыс кезінде мұқият, ұқыпты болып, қауіпсіздік ережелерін жақсы білу керек. Әйтпесе электр тогының ауыр соққысын алу қаупі басым. Сондықтан кез келген қадамды ойланып басу маңызды», – деді Ыбырай Ізбасаров.
Электр цехының құрамына жоғары вольтты желілерді, жарықтандыру мен электр қондырғыларын пайдалану бойынша мамандандырылған топтар мен учаскелер кіреді. Мамандар уақытпен санаспай, жел мен аязда да жұмыс істейді. Басты мақсат – ажыратуларға жол бермеу.
«Қатты жел немесе нөсер жаңбыр салдарынан күтпеген жерден желілер үзілуі мүмкін. Бұған жол бермеу үшін біз тәулік бойы энергия объектілерін бақылауда ұстаймыз», – деді кезекші электромонтер.
Ыбырай өз мамандығын қауіпті деп есептемейді. Дегенмен ол кернеуі 110 киловольтқа дейінгі қуаты жоғары желілермен жұмыс істейді. Аталмыш салада қолмен шебер жұмыс істей білу маңызды. Ешкім бірден кәсіби маман бола салмайды. Ол үшін білім және Қаражанбастың үздіксіз жұмысына үлес қосуға деген ұмтылыс болуы шарт, деп қорытындылады кейіпкеріміз.