«Астана Опера» театрының директоры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров Қазақстанның мәдениеті мен өнерін дамыту мақсатында вокалистерді оқытудың маңыздылығын атап өтті.
«Академия қатысушыларының практикалық қызметінің маңызды аспектісі – кең ауқымды сахналық тәжірибе. Жас әртістер театр спектакльдеріне қатысып, рөлдерді орындай алады, сондай-ақ оларға «Астана Опера» Камералық залы сахнасында түрлі концерттік бағдарламалар әзірлеу мүмкіндігі ұсынылады. Astana Opera Халықаралық опера академиясы – бұл жоғары білікті мамандардан білім ала отырып, жас опера әншілеріне шеберлік деңгейін арттыруға мүмкіндік беретін бағдарлама», – деді Ғалым Ахмедьяров.
Сонымен қатар спикер Вокал академиясының салтанатты ашылуы 4 шілде күні «Астана Опера» театрының Үлкен залында өтетінін атап айтты:
«Ғаламат концерт Академияның ашылуымен қатар, ең басты мерекелеріміздің бірі – Астана күніне орайластырылған, оған керемет шетелдік әртістер қатысады. Біз Марианджела Сицилия, маэстро Джузеппе Акуавива, Риккардо делла Шукка, Маттиа Росси (Италия), Либуше Санторисова (Чехия-Италия), Бадрал Чулуунбаатар (Моңғолия), Саян Исин (Қырғызстан) сияқты жұлдыздарды шақырдық. Сондай-ақ бағдарламаға біздің отандасымыз, қазір Германияның опера театрларында өнер көрсетіп жүрген Бауыржан Әндержанов те қатысады».
«Астана Опера» театрының ресми демеушісі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ.