К 30-летию Независимости Казахстана | 16 тамыз 13:00

Ембі мұнайшылары тілсіз жаумен күреске жаттықты

Қауіпсіздік қашан да маңызды. Әсіресе, тілсіз жаумен күресте жедел әрекет, тиімді тәсілдің берері мол. Компания тарапынан бұл бағыттағы оқу-жаттығу шаралары ұдайы ұйымдастырылып келеді. Соның бірі – «Ембімұнайгаз» АҚ Өндірістік-техникалық қамту және жабдықтармен комплектациялау басқармасы қойма шаруашылығы және тауарлы-материалдық құндылықтар жеткізу орталығы учаскесінде өткен өрт-тактикалық сабағы.

Тілсіз жаумен күресте тиімді іс-шараларды, нысанға жауапты өкілдердің өрт сөндіру қызметімен бірлескен іс-әрекет, қимылдарын пысықтау. Дайындықты арттырып, өрт сөндіру тәсілдері мен әдістерін тәжірибе барысында қолдану. Бұл – тактикалық сабақтың негізгі принциптері.

Жасақталған жоспарға сай, қойма шаруашылығы және тауарлы-материалдық құндылықтарды жеткізу орталығы учаскесіндегі №4 құрылыс материалдар қоймасы ішінде бояуға арналған еріткіш құлап, бөтелкенің жарылған жерінен еріткіш тоқ жүйесіне тиіп, өрт шықты. Тілсіз жау салдарынан жұмысшы күйік алды. Жедел әрекет еткен қойма меңгерушісі қасындағы өзге қызметкерлермен бірге жұмысшыны қауіпсіз жерге алып шығып, алғашқы көмек көрсетті.

 

Өндірістік-техникалық қамту және жабдықтармен комплектациялау басқармасының хабарлау жоспары бойынша «Медикер-ӨМ» ЖШС пункті мен қойма учаскесі бастығына хабарлады. Жұмысшылар алғашқы өрт сөндіру құралдарымен аумағы 2 шаршы метрді құрайтын өртті өшіруге кірісті.

«Ембімұнайгаз» АҚ аумағында оқиға болған кездегі хабарлау жоспары бойынша нақты іс-әрекеттер жүргізілді. «Медикер-ӨМ» ЖШС дәрігері, қойма басшысы, тауарлы-материалдық құндылықтарды бақылау телімі қауіпсіздік қызметінің инспекторы тиісті іс-шараларды жүргізді. «Ембімұнайэнерго» электр монтаждау учаскесі бастығының тапсырмасы бойынша №4 қойма мен оған жақын орналасқан аймақты электр қуатынан ажыратты.

 

«Семсер-Өрт сөндіруші» ЖШС БФ №11 және №14 ӨСБ өрт сөндіру автокөліктері шақырылған жерге дабыл бойынша жетті. Алғашқы келген арнайы көлік қызметкерлері дереу әрекет етіп, ошақты өшіругі кіріссе, кейін жеткен өрт сөндірушілер тобы от тұтанған қоймаға қанаттас орналасқан нысандарды өрттен сақтау мақсатында әрекет етті.

Санаулы уақыттардан соң, шартты өрт оқшауланып, толықтай сөндірілді.

Тактикалық сабақ соңында қорытынды сөз алған Еңбекті қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бас техникалық басшы Қайрат Сақтағанов осы секілді іс-шаралардың аса маңызды екенін атап, бүгінгі жаттығудың жоғары деңгейде өткенін жеткізді. Қауіпсіздік техникасын сақтау, тілсіз жаумен күресте жаңа технология, әдістерді енгізу негізгі басымдықтар қатарында екеніне тоқталды.