К 30-летию Независимости Казахстана | 13 желтоқсан 12:07

Ембіде Тәуелсіздік мерекесі тойланды

Атырау қаласындағы Құрманғазы мәдениет сарайында «Ембімұнайгаз» АҚ-ның ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған  салтанатты шарасы өтті. Мерекелік шараға ЕМГ ұжымы, Компания басшылығы, өндірістік құрылымдық бөлімшелердің басшылары мен кәсіподақ ұйымының жетекшілері, ембілік ардагерлер қатысты.

«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жас мемлекеттің экономикалық өсімін қамтамасыз ету өзекті саналды. Өндіріс қалыптасып, мұнай өндіру көрсеткіші тәуелсіздік жылдарында халықтың тұрмысын түзеп, экономикамыздың тұрақтануына жол ашты. Бүгінде мұнай-газ секторы ел экономикасының күретамыры саналып келеді. 30 жылда салаға  мол инвестиция тартылып, отандық өндіріс заманауи техникамен жабдықталды», - деп атап өтті өзінің құттықтау сөзінде компания басшылығы.

Сондай-ақ, «Ембімұнайгаз» АҚ Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, Атырау облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы, мұнай-газ саласының ардагері, Қызылқоға және Жылыой аудандарының Құрметті азаматы Мақсым Ізбасов сөз сөйлеп, тәуелсіз мемлекеттің қалыптасып, дамуына мұнайшылардың қосып жатқан жатқан үлесіне ерекше тоқталды.

Салтанатты шара кезінде табысты еңбектерімен ерекшеленген жекелеген мұнайшылар, қызметкерлер Компания басшылығының қолынан жоғары марапаттарға ие болды.

Жиналған көрермен тәуелсіздік жылдарындағы Ембінің тарихынан сыр шертетін фотокөрмемен танысты. Шара соңы Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармония өнерпаздарының ұсынған концерттік бағдарламаға ұласты.

Айта кетейік, бұған дейін Компанияға қарасты өндірістік-құрылымдық бөлімшелерде да мерекеге арналған салтанатты жиындар өтті.