Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, "Қазақ поэзиясының падишасы" атанған Фариза Оңғарсынованы еске алу мақсатында ұйымдастырылған концертте ақынның өмір кезеңдерін бейнелейтін роликтер көрсетіліп, өлең шумақтарынан үзінділер оқылды. Ал ақын бейнесін сомдаған Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрының артисі Ғазиза Алипова мен облыстық байқаулардың жеңімпазы Мөлдір Мақсоттың және кішкентай бүлдіршін Кәусар Жоламанның өнеріне көрермендер ерекше тәнті болды деп хабарлайды "Ембімұнайгаз" АҚ қоғаммен байланыс қызметі.
"Бұған дейін өндірісте поэзия кештері өтіп, көптеген таланттарымыздың бар екендігіне көзіміз жетті. Қазан айының 31-і күні Мәскеу қаласындағы Ресейдің драма театрында Қазақстан Республикасы елшілігінің ықпалымен «Фариза» спектаклі сахналанбақ. Сайыс жеңімпаздарына аталған спектакльге жолдаманы сыйға тартқалы отырмыз", - деп қуантты жиналғандарды Рысты Тасмағамбетова.
Айта кетсек, бұған дейін Компанияға қарасты барлық өндірістік-құрылымдық бөлімшелер мен орталық басқару аппараты қызметкерлерінің арасында "Мұнайшы қыз" әйелдер клубының ұйымдастыруымен өткен поэзия сайысында топ жарғандар – Мәулен Мұхамбеталиев ("Қайнармұнайгаз" МГӨБ), Айнагүл Гумарова ("Ембімұнайэнерго" басқармасы), Жұмабек Геннадиев ("Жылыоймұнайгаз" МГӨБ), Жарқын Темеев ("Жайықмұнайгаз" МГӨБ) осы шарада да көрермендерге өнерлерін паш етті.
Шара барысында сайысқа қазылық еткен ақын қыздар – Гүлзада Ниетқалиева мен Сәулеш Шәтенова ембілік мұнайшыларға арнаған өлеңдерін оқыды. Поэзия кеші Фариза ақынның сөзіне жазылған «Жайықтың толқындары» әнін орындаумен қорытындыланды.