Бұл орайда, компания бойынша қызметкерлер мен мамандарды арнайы курстардан өткізу бағдарламасы бекітілген. Аталмыш бағдарлама аясында қызметкерлерді оқыту арқылы дамыту, басқарудың жаңаша тиімді әдістерін тауып, енгізу жақсы жолға қойылған.
«Ембімұнайгаз» АҚ алғаш 2021 жылы өз қызметкерлерін Халықаралық IOSH бағдарламасы бойынша оқытуды қолға алды. Сол жылы 72 ембілік маман арнайы курстан өтті.
IOSH – еңбекті қорғау және техникалық қауіпсіздік ережелерін дамыту мақсатындағы Еуропадағы іргелі ұйымдардың бірінен саналады. Бүгінгі таңда ұйымның құрамында дәріс беретін 33 мың адамның 13 мыңы осы саладағы әлемдегі жоғары білікті мамандар қатарынан. Міне, осындай іргелі ұйымның қолдауымен ұйымдастырылған оқыту курсынан ембіліктердің де дәріс алғанын ерекше атап өткен жөн.
Атырау облысы бойынша өзге компаниялардың мамандары да қатысқан курстың қорытындысы бойынша «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының еңбекті қорғау және техникалық қауіпсіздік инженері Ринат Махамбетов 200-ге тарта тыңдаушының арасынан «Ең үздік студент» атанды.
Маңғыстау энергетикалық колледжінің, Тынышпаев атындағы транспорт және коммуникация Академиясының, Өтебаев атындағы Атырау мұнай-газ университетінің түлегі Ринат Махамбетов Ембі кен алаңдарының еңбекті қорғау және техникалық қауіпсіздік саласы бойынша 16 жылға тарта еңбек етіп келеді.