«Ембімұнайгаз» АҚ «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ электргазбен дәнекерлеушісі Жақып Мұхаммедәмин «Дәнекерлеу технологиясы» бойынша халықаралық чемпионатқа қатысуда.
Кеше Ресей Федерациясының Екатеринбург қаласында «Хайтек: болашақ дағдылары» жоғары технологиялық мамандықтар халықаралық чемпионатының финалы басталды. Үш модульден тұратын, 14 қарашаға дейін өтетін чемпионатқа әлемнің 15 елінен 500 конкурсант пен сарапшылар қатысуда.
Өнеркәсіптік автоматика мен машиналық оқытудан бастап кванттық технологиялар мен ғарыш жүйелерінің инженериясына дейінгі 41 құзыреттілік бойынша дағдылар сарапқа салынатын іс-шаралар «Екатеринбург-Экспо» алаңында өтуде. «Дәнекерлеу технологиясы» бағыты бойынша барлығы – 15 қатысушы.
Жақып Мұхаммедәминнің тәлімгері – «Ембімұнайгаз» АҚ Өндірістік-техникалық департаменті Бас механика бөлімінің бас механигінің орынбасары Қуаныш Туриев.
Айта кетейік, әріптесіміз Жақып Мұхаммедәмин – «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобындағы «7 Qadam Master» модульдік бағдарламасының қатысушысы. Аталған халықаралық чемпионатқа дайындық және тәжірибе алмасу мақсатында биыл 16-20 қыркүйек аралығында Қытай Халық Республикасының Дацин қаласына іссапарға барып келді.
Әріптесімізге сәттілік тілейміз!