17 маусымға дейін Құрманғазы ауданындағы Құрманғазы, Исатай ауданындағы Исатай мен Аққыстау, Қызылқоға ауданындағы Жамансор және Мұқыр, Жылыой ауданындағы Құлсары, Мақат ауданындағы Доссор мен Мақат елдімекендерінде тиісті қуанышты оқиға орын алып, қамкөңіл жандардың еңсесін көтермек.
2019 жылдың наурыз айында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова мен Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Атырау облысына сапарында, бизнес өкілдерімен болған кездесу барысында әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды қолдап, табысы төмен тұрғындарды баспанамен қамту мәселесін атап өткені белгілі. Осы орайда, Компания басшысы Әнуар Жақсыбеков, қарамағында қалыптасқан игі дәстүрге сай әріптестерін баспаналары жоқ, қиын жағдайда тұрып жатқан жерлестеріне біркүндік жалақы есебінен көмек ұйымдастыруға шақырып, үндеу жариялаған. Берекелі ұжым дереу елгезектік танытып, шарапатты шаруаға білек сыбана кіріскен.
Нәтижесі сол, Рамазан айы қарсаңында жиналған қаражатқа Құрманғазы, Исатай, Мақат, Жылыой, Қызылқоға аудандарында 3 пәтер мен 5 үй сатып алынған.
"Ембілік мұнайшылардың ауызбіршілігінің арқасында облыстағы көпбалалы, аз қамтылған сегіз отбасы баспаналы болды. Енді оларға өз шаңырағының астында балаларына дұрыс тәрбие беруге жағдай бар деп есептеймін", - деп атап өтті өз сөзінде бүгін алғашқы баспананы табыстау сәтінде ЕМГ Басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков.