К 30-летию Независимости Казахстана | 15 наурыз 08:20

Ембілік мұнайшылар Көрісу мерекесін атап өтті. Видео

Бүгін еліміздің батыс өңірлері Наурыз мейрамының басы Көрісу мерекесін атап өтуде. Халық қыстан аман-есен шыққанына, көктемге аяқ басып, туыс-туған, көрші-көлеңмен жүздескеніне қуанып, қол алысып, төс қағысады. Тәрбиелік мәні терең осынау мерекені «Ембімұнайгаз» АҚ ұжымы да үлкен ұйымшылдықпен атап өтті.

Компания әкімшілігі мен Орталық басқару аппараты Кәсіподақ комитеті бірігіп ұйымдастырған мерекелік шараға кәсіпорын басшылығы, ардагер мұнайшылар, өндірістік-құрылымдық бөлімшелерден өкілдер, орталық басқару аппаратының қызметкерлері қатысты.

Ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ұлттық киімдер киген қызметкерлердің жайдары жүзі жайнап, әуелеген сазды әуен төгілген алаңда мерекелік көңіл-күй ерекше сезілді.

Шарада ұжым мүшелерін «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Есен Қайыржан, ардагер мұнайшы Мақсым Ізбасов, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бағыт Сматуллин, Кәсіподақ ұйымының төрағасы Болат Нсанбаев құттықтады.

Мерекелік думан барысында қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері паш етілді.

Сонымен қатар, «Ең үздік ұлттық киім» байқауы ұйымдастырылып және ұлттық ойындардан жарыстар өтіп, жеңімпаздарға дипломдар, сыйлықтар табыс етілді.