«Қаражатқа қиын жағдайға қалған Ақтөбе, Арқалық облысындағы отандастарымызға гуманитарлық көмек жөнелттік. Сонымен қатар, қалада үйін су басқан тұрғындарға азық-түлік, тұрмыстық қажеттіліктер тараттық. Ондай заттардың қатарында дәрі-дәрмек, көрпе, жастық, жамылғылар, азық-түлік, балаларға арналған заттар және өзге де тұрмыстық қажеттіліктер бар», – деп атап өтті Бибігүл Ерниязова.
Мұнайшы жастар демалыс күндеріне қарамастан, 30-31 наурыз күндері қиын жағдайда қалған жерлестерінің қасынан табылып, көмек қолын созған. Сонымен қатар, 1 сәуір күні таңғы 7-ден 11-ге дейін ерікті жастар гуманитарлық көмекті көлікке тиеп, жөнелтуге көмектескен.
Одан бөлек, жастар 1 сәуірде Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы су басу қаупі бар мекендерге 20 күрек, 300 қапшық, 20 фонарь, 100 қолғап жіберді.
«Қалтасынан қаражат бөліп, көмек көрсеткен мейірімді жандарға, ерікті жастарға алғыс айтамыз», – деп ризашылығын білдірді белсенді жастардың өкілі Бибігүл Ерниязова.
Атыраудағы Жастар ресурстық орталығының басшысы Мәнсия Сағидоллаеваның айтуынша, гуманитарлық көмек заттары «Күшіміз – бірлікте!» акциясы аясында үш күнде жиналған.
«Еліміздің біраз өңірі су тасқынынан зардап шекті. Отандастарымыз табиғи апаттың қыспағында қалып, қиналған сәтте қолдау білдіруді жөн көрдік. Сол себептен, «Күшіміз – бірлікте!» акциясы аясында облыстық ішкі саясат басқармасы арнайы штаб құрған болатын. Үш күнде атыраулықтар 8 тонна азық-түлік, киім, гигиеналық заттар мен дәрі-дәрмек жинады. Гуманитарлық көмекті жинауға жергілікті кәсіпкерлер мен белсенді азаматтар, қалалық және облыстық мәслихаттардың депутаттары, тіпті қарапайым тұрғындар үлес қосты», – деді Мәнсия Сағидоллаева.
Атырау халқының атсалысуымен 2 жүк көлігіне тиелген гуманитарлық көмек заттары Ақтөбе облысына жіберілді.