Білім мен біліктілік сынға түскен байқау нәтижесімен «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру Басқармасы үздіктердің үздігі атанып, 9 қызмет түрінен болған сайыстың 6-уынан жеңіске жетіп, командалық есеп бойынша 1 орынды иеленген еді. Өткен аптада «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ ұжымы «Үздік маман» байқауы жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне құрмет көрсету мақсатында Құлсары қаласындағы «Кең Жылыой» мәдениет үйінде аудандық өнерпаздардың қатысуымен салтанатты шара ұйымдастырды.
Басқарма бастығы Ғибатолла Шанаев байқауда теориялық тұрғыда білімдерін айқын көрсетіп, кәсіби тапсырмаларды орындауда тәжірибелі екендіктерін байқатып, топ жарған мұнайшыларды ұжым атынан құттықтап, бағалы сыйлық пен Алғыс хат табыстады. Сонымен қатар, алда өтетін «Үздік маман-2022» кәсіби шеберлік байқауының ІІІ кезеңінде Ембінің намысын қорғап, жақсы нәтиже көрсететіндеріне сенім білдірді.
Басқарма ұжымын бастап барған бас инженер Ерлан Қондыбаев «Үздік маман» байқауының кубогын сахна төріне көтеріп, басқарма басшысына табыстады. Сондайақ, өз баяндамасында ол арнайы құрылған қазылар қатысушылардың әрбір қадамын сараптап, берілген тапсырманың кәсіби деңгейде әрі сапалы орындалуына, техникалық қауіпсіздіктің сақталуына назар салғанын жеткізді.
Кеш барысында сөз алған Кәсіподақ ұйымының төрағасы Қази Бисенов жүлдегер сайыскерлерді дайындаған тәлімгерлерге алғысын білдіріп, оларға Құрмет грамотасын табыстады.
Басқарма бастығының орынбасарлары Балмаш Жақсыбаева мен Сырымбек Сәрсембаев, ардагерлер ұйымының төрайымы Мұстахима Исаинова бұл жеңіс ұжымның бірлігінің нақты көрінісі мен ортақ жетістік екенін баса айтты.
Салтанатты кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласты.