К 30-летию Независимости Казахстана | 06 наурыз 14:38

"Ең бастысы - жұмысым өзіме ұнайды"

Төл мереке қарсаңында ерекше құрметке ие болатын нәзік жандардың қатарында заты әйел болса да ер азаматтармен қатар теміржолдай алып саланың жасанды ғимараттарын жөндеушілер де бар. Астана ірілендірілген жол дистанциясының осы көпірлер мен құбырлар, су өткізгіштер күтіміне жауапты бөлімінде қызмет ететін үш арудың бірі – Жанар Иматова.

Олар қыстың қаһары, жаздың аптабына қарамай, пойыз өтетін темір көпірлер, жолаушыларға арналған көпірлер, көпірасты құбырлар, тағы да басқа жасанды ғимараттардың тазалығы, бұрандаларының босап қалмауын қадағалап, қозғалыс қауіпсіздігіне үлес қосуда. Жұмыс көлігі немесе дрезиналармен дистанцияға қарасты ауқымды жерді алып жатқан темір жол бойында орналасқан жасанды құрылыстарға барып, жұмыстарын жасайды. Жалпы теміржолдағы қызметіне 11 жыл болған Жанардың бұл жұмысқа келгеніне 5 жылдан асты. Оңтүстікте теміржолшылар отбасында дүниеге келген ол теміржолшының қызы, отбасында ағасы екеуі ата кәсібін жалғапты. 

«Астанада біздің дистанцияға қарайтын үш көпір бар. Бөгеттер де көп бізде. Солардың бәрінің қыста қарын тазалаймыз. Көктемнен бастап келесі жылға жаңарту жұмыстарын жүргіземіз. Яғни, тазалықтан бөлек, жайларды сырлау, әктеу, әрлеу жұмыстары жасалады. Кейде ер адамдар жетіспей жатса, біз белгі  беруші де боламыз, кейде босап қалған бұрандаларды да бекіте береміз. Мұнда «Қырқыншы» ПЧМ-нан ауысып келгем. Жұмысым өзіме ұнайды, үйреніп қалдық. Ең бастысы – бір жерде қамалып отырмаймыз, үнемі ашық аспан астында, таза ауада жүресің», – дейді Жанар күлімсіреп.

Үш баласы, үш немересі бар Жанар үшін теміржол тұрақты табыс көзі ғана емес, ұйымшыл ұжым, үйреніскен жұмысымен де ыстық. Жас әже бос уақытын немерелеріне қараумен өткізеді. Қарапайым ғана теміржолшы келіншек үшін жұмыстың еш ауырлығы жоқ. Себебі, жалғызбасты ана балаларын оқытып, жеткізу үшін қандай ауырлықты болса да көтеруге дайын. Бүгінде бір ұлы мен қызы теміржол саласында білім алуда. Балаларына бұл өмірде қиындықтан қашпай, қандай жұмыс атқарса да мінсіз орындауды әдетке айналдыру керектігін айтып отырады. 

Райхан РАХМЕТОВА