К 30-летию Независимости Казахстана | 24 ақпан 16:00

«Еңбегім – елім үшін». ҚБМ маманы қызметке адалдық жайлы

Қаражанбас талай жұмысшының қанатын қатайтқан қазыналы мекен. Мұндағы мыңдаған мұнайшы адал еңбегін ел игілігіне арнап, ардагерлер салған сара жолмен игі дәстүрлерді жалғап келеді.

Ерген Қырықмылтықовтың еңбек жолы ұңғымаларға жерасты күрделі жөндеу жүргізумен тығыз байланысты. Ол аталмыш салаға ғұмырының 40 жылға жуық уақытын арнаған білікті маман. Кен орны табалдырығын бұрғышы көмекшісі болып аттаған кейіпкеріміз жылдар өте келе мамандығының майталманына айналды.

Бүгінде Ерген №2 ҰЖКЖ цехының шебері болып қызмет етеді. Ол бригадасымен бірге ұңғыма түбін тазалау, тесілген құбырларды жаңарту, сораптарды ауыстырумен айналысады. Ал жұмыс процесі күрделілігіне қарай, бір күннен бір аптаға дейін созылады. Осылайша кейіпкеріміз жауапты қызметімен кен орнындағы өндіріс үздіксіздігін қамтамасыз етуге өлшеусіз үлес қосып келеді.

«Дамудың даңғыл жолындағы Қаражанбаста жыл өткен сайын өндірісті автоматтандыру қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл жөндеу жұмыстарының уақытын үнемдеп, ұңғымаларды қатарға тез қосуға мүмкіндік береді. Біз өзімізге жауапты қызмет жүктелгенін ерекше сезініп, ісімізді адал әрі кәсіби атқаруға бар күш-жігерімізді саламыз», – дейді Ерген Қырықмылтықов.

Алпысты алқымдаған Ерген аға ұжымда сыйлы әріптес, жас буынға оң бағыт көрсеткен үлгілі тәлімгер. Ал отбасында асыл жарымен бірге бес қыз тәрбиелеп, қияға қондырған ардақты әке. Ол перзенттерінің бойына ең жақсы адами қасиеттерді сіңіріп, мамандығына адал болу керектігін үнемі айтып жүреді. Қаражанбас ісі мен сөзі жұптасқан осындай өндіріс озаттарымен қуатты.