Кейіпкеріміз Қаражанбасқа осыдан 35 жылға жуық уақыт бұрын ұңғымаларды дайындау операторы болып қадам басты. Көп ұзамай оның қызмет жолы қиын да қызықты сала – көлік басқармасына бұрылды. Алдымен кен орнында көлікті құстай самғатқан жүргізуші, кейін арнайы техниканың тілін тауып, кран машинисі болды. Жақсығат соңғы 10 жыл көлемінде жол-құрылыс техникалары топтастырылған №3 автотізбекке жетекшілік етіп келеді. Ол күн сайын техникалардың сапалы, үздіксіз жүмысын ұйымдастыруға бірден-бір жауапты маман.
«Біздің қызметіміз тосын жайларға толы. Қыстың аязды күндері техникалар істен шығып қалуы сияқты түрлі кедергілер кездеседі. Дегенмен дер кезінде жағдайдан жол тауып, жұмысты дұрыс ұйымдастыру арқасында жоспарлы істерді уақытылы атқару – біздің басты мақсатымыз», – деді Жақсығат Далжанов.
Мамандардың үйлесімді қызметі арқасында ҚБМ көлік саласында оң өзгерістер орын алуда. Қызметкерлер де кен орны аумағында техникалардың тоқтаусыз, нәтижелі жұмыс істеуін тұрақты қадағалайды. Сондықтан, маңызды бөлімше мамандары ерекше құрметке лайық.