Ол «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның өндірісті автоматтандыру цехында 1983 жылы еңбек жолын бастады. Алғашқы 13 жылын автоматика және бақылау-өлшеу аспаптары слесарі болып өткізсе, кейінгі 30 жылға жуық уақыт бойы шебер қызметін атқарды. Бір цехта, бір ортада 43 жыл бойы табан аудармай жұмыс істеу – адалдықтың, тұрақтылықтың, еңбекқорлықтың нышаны. Осы уақыт ішінде Жеткеншек Кибашев Қаражанбас өндірісін автоматтандыру ісіне өлшеусіз үлес қосып, талай жас маманға тәлімгер болды. Ұзақ жылғы қажырлы қызметтің жемісі - құрметті зейнет демалысы. Ол еңбектің аяқталуын емес, бағаланғанын айғақтайды. Әріптестері Жеткеншек ағаны ерекше құрметпен шығарып салып, ұзақ жыл бойы көрсеткен үлгі-өнегесі үшін алғыс айтты. Қазақы дәстүрмен шапан жауып, ақжарма тілегін жеткізіп, ілтипат көрсетті. Ақсақал да сүйікті жұмысын жас буынға сеніммен тапсырып, ақ батасын берді.