Қадірбек Айтбаевтың осыдан 23 жыл бұрын вахтаға ең алғаш келген сәті әлі есінде. Ол Қаражанбастағы еңбек жолын құрылыс-жөндеу цехының бетоншысы болып бастаған. Кейін жұмыс бағытын бу өндіру цехына бұрып, химиялық су тазарту аппаратшысы, отқа қарсы тұрушы болып еңбек етті. Қадірбектің қызметі асқан жауапкершілік пен табандылықты талап етеді. Себебі ол жабық, шектеулі кеңістікте еңбек етіп, қазандықтардың қалыпты жұмыс істеуіне жауапты.
«Еңбек адамдары – ел көшін алға сүйрейтін қуатты күш. Біз де Қаражанбастың жер асты байлығын игеру арқылы Отанымыздың дамуына ерекше үлес қосып келеміз. Сүйікті кен орнымыз маман ретінде шыңдап, саланың сайыпқыраны атандырды. Бақыттың кілтін – еңбектен тапқаныма дән ризамын», – дейді кейіпкеріміз.
Қызметте білікті маман, ақылшы ағаға айналған Қадірбек Айтбаев үшін өмір кітабының жаңа тарауы ашылды. Ол Қаражанбастағы ең соңғы вахтасын абыроймен атқарып, жауапты қызметін жас буынға сеніммен тапсырды. БӨЦ ұжымы білікті мұнайшының жылдар бойы атқарған адал еңбегіне алғыс айтып, зейнет демалысына ерекше ықыласпен шығарып салды.
ҚБМ баспасөз қызметі