К 30-летию Независимости Казахстана | 19 ноября 11:46

Еңбек адамы: радиациялық қауіпсіздіктің күзетінде жүрген маман

Уран өндіру саласында әр мамандықтың өзіндік орны мен жауапкершілігі бар. Солардың бірі – өндірістегі радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын дозиметрист мамандығы.

Бүгінгі кейіпкеріміз – «ҚазАтомӨнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның бірлескен кәсіпорны «Қаратау» ЖШС-де 18 жылдан бері табанды еңбек етіп келе жатқан білікті маман Нұрбол Қилыбай.

Нұрбол Қилыбайдың атом өнеркәсібі саласындағы еңбек жолы 2003 жылы басталған. 2003–2008 жылдар аралығында «Қазатомпром-Сауран» ЖШС-де жұмыс істеп, өндірістік тәжірибе жинақтады.

2008 жылдан бері «Қаратау» ЖШС-де дозиметрист қызметін атқарып келеді. Ол күнделікті жұмысын таңертеңгі медициналық тексеруден өтуден бастайды. Содан соң  ауысымдық тапсырма алып, бекітілген кестеге сәйкес өндірістік алаңдарда үздіксіз бақылау жүргізеді.

 

«Біздің негізгі міндетіміз — кен шоғырындағы радиациялық жағдайды қатаң бақылау, жұмысшылардың денсаулығын қорғау және ықтимал қауіптің алдын алу. Арнайы аспаптардың көмегімен альфа, бета, гамма сәулелерінің деңгейін, сондай-ақ ғимараттардағы радон мен ауадағы радиоактивті заттардың мөлшерін мұқият тексереміз. Барлық өлшеу нәтижелері арнайы журналға тіркеліп, тиісті есептер дайындалады. Бұл — асқан дәлдік пен үлкен жауапкершілікті талап ететін күнделікті маңызды жұмыс», — дейді Нұрбол Қилыбай.

Дозиметристің жұмысы тек көрсеткіштерді өлшеумен шектелмейді, ол — бүкіл ұжым үшін қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастырады. Көпжылдық тәжірибесі бар маман әріптестерінің денсаулығын әрдайым бірінші орынға қояды.

«Мен үшін осы мамандықтағы ең үлкен жауапкершілік — әріптестерімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан барлық жұмысшыларды жеке қорғаныс құралдарын дұрыс пайдаланып, радиациялық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырамын. Себебі қауіпсіздік — әрқайсымыз үшін ортақ жауапкершілік. Тәртіп пен сақтық бар жерде ғана өндіріс берекелі болмақ», — деп түйіндеді кейіпкеріміз.