Кейіпкеріміздің Қаражанбастағы еңбек жолы жаңа ғасыр шымылдығын түрген шақпен тұспа-тұс келеді. Балқаш Туляев қызметін өндірістегі ең жауапты да күрделі процесс саналатын бұрғылау жұмыстарын жүргізетін бригадада бастады. Алып қондырғыны көшіру, құрастыру-жинау, ұңғыма қазу, құбырларды бекіту жұмыстарын жетік меңгерген ол кейін қызметін топ шебері болып жалғастырды. Содан бері бригаданың тапсырманы тиянақты орындауы мен барлық жұмыс процесі Балқаш Туляевтің қадағалауында.
«Біз екі ауысыммен күндіз де, түнде де қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, үздіксіз жұмыс істейміз. Жаңа ұңғыма қазған сайын тәжірибеміз толығып, дами түсеміз. Қаражанбас бәріміздің қанатымызды қатайтқан кен орны болғандықтан, оның дамуына әрбір жұмысшы әлі талай сүбелі үлес қосатынына сенімдімін», – дейді Балқаш Туляев.
Балқаш – білікті маман, әріптестер арасында ағалық ақылын аямайтын жанашыр жан, асыл жарымен бірге үш перзент жетілдірген отағасы. Әке жолын жалғаған ортаншы ұлы Роллан кен орнындағы геология және игеру бөлімі басшысының орынбасары болып жұмыс істейді. Осылайша адалдығымен, қарапайымдылығымен, тиянақтылығымен дараланған Туляевтар адал еңбек арқасында талайдың алғысына бөленіп келеді.
"Қаражанбасмұнай" АҚ баспасөз қызметі