«Есепті кезеңде мұнай және конденсат өндіру көлемі 13,8 млн тоннаға жетті. Осы жылғы қаңтар-ақпан айларының жоспары 101,1 пайыз орындалды. Оның ішінде, мұнай-газ саласындағы iрі компаниялар бойынша көрсеткіштер төмендегідей: Теңіз жобасында аталған кезеңде 4,3 млн тонна мұнай өндірілді. Бұл есепті айдың жоспарына - 104,5 пайыз. Солтүстік Каспий жобасы – Қашағанда мұнай өндіру көлемі 2,4 млн тоннаны құрады. Яғни қаңтар-ақпан айларының жоспары 103,4 пайызға орындалып отыр. Қарашығанақ жобасының көрсеткіші 2,1 млн тоннаны құрап, жоспар 100 пайыз орындалды», – деді 2021 жылдың қаңтар-ақпанында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында баяндаған министр.
Оның атап өтуінше, бүгінгі таңда әлемдік мұнай нарығы мен мұнайдың баға белгіленімдерінің бірте-бірте қалпына келу үрдісі байқалып отыр.
«Биылғы 86 млн тонна жоспардың орындалатындығы күтіледі. Министрлікпен аталған жоспарды орындау мақсатында бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Соңғы келіссөздерге сәйкес ОПЕК+ аясында Қазақстан Республикасының міндеттемесі мұнай өндіру көлемін шектеуін 17-ден 15 пайызға дейін түзетілді. Есепті кезең ішінде 10,75 млн тонна мұнай экспортталды. Осы жылғы қаңтар-ақпан айларының жоспары 100 пайыз орындалды», – деді Нұрлан Ноғаев.