К 30-летию Независимости Казахстана | 13 желтоқсан 08:23

Энергетиктер – Қаражанбастың қуаты

Желтоқсанның үшінші жексенбісі – маңызды мамандық иелері саналатын энергетиктердің кәсіби мерекесі. «Қаражанбасмұнай» АҚ-да аталмыш сала өндіріспен тығыз байланысты. Энергетика мамандары нысандарға жылу мен жарық беріп, өндіріс орындарындағы түрлі техникалардың электр энергиясымен жабдықталуын қамтамасыз етеді.

Қаражанбастағы электр цехы ұжымы тұтас кен орнына үздіксіз электр энергиясын тарата отырып, жүктелген жауапты міндетті абыроймен атқарып келеді.

ЭЦ мұнай ұңғымалары мен бу өндіруге, жер қабаттарына су айдауға арналған сораптарды, ұңғы қондырғыларын электрмен сапалы, тиімді жабдықтауға аса мән береді. Қос вахта ауысымында екі жүзден астам маман жұмыс істейді.

Цех 8 желілік аудан және электрмонтаждау жұмыстары учаскесі, электротехникалық зертхана, автоматтандырылған жоғары жылдамдықты жетек учаскесін қамтиды. Өз кезегінде электромонтерлер мен жөндеушілер жылдың, тәуліктің қай мезгілінде болмасын, қолайсыз ауа райына қарамастан электр желілерін жүргізеді, апаттық ажыратулардың себебін анықтап, ретке келтіреді. Бірлескен жұмысқа инженерлер мен шеберлердің, цех басшылығының да қосатын үлесі орасан зор.

Жыл сайын жүктелген міндетті сапалы орындап, жөндеу жұмыстарын сәтті жоспарлау арқасында цех қызметкерлері оң нәтиже көрсетіп келеді. Мамандардың айтуынша, энергетиктердің жедел әрекет етуі арқасында апаттық ажыратулар саны азайып, болған жағдайда жұмысшылар қондырғыларды тез қалыпқа келтіруге барын салады.