К 30-летию Независимости Казахстана | 07 мамыр 08:29

Ерлік пен еңбекке құрмет

Жеңістің жетпіс алтыншы көктемі биыл майдангерлерсіз келді. Келместің кемесіне отырған 41-жылдың бозбалалары бейбітшілікті, Тәуелсіздікті бізге аманаттап, жер бетінде адамзат баласы қанды қырғынды көрмегей, келер ұрпақтың заманы жақсы болғай деген тілекпен өмірден өтті. Арттарында тағылым, өнеге, тәрбие қалды.

Уақыт озады, ұрпақ ауысады. Жылдар ілгері жылжыған сайын Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің шоқтығы биіктеп, қадірі мен бағасы арта бермек!

«Бәрі де майдан үшін» деп балалық шағын Жеңісті жақындатуға арнаған тыл ардагерлері біз үшін қазір майдангер мұнайшылардың көзіндей. Бүгінгі таңда аттары аңызға айналған Қамқа Үмбеталина, Виктор Васильевич Нечаев, Қайыр Қыдырбаев сияқты соғыс ардагерлерімен қатар тұрып еңбек етіп, мұнай өнеркәсібін дамытуға бар ғұмырларын арнаған компаниямыздағы 43 тыл ардагерлерінің де тұлғасы дара, өмір жолы тұтас тарих. Өлкенің тарихы, мұнайдың тарихы... Азаматтық арды ту етіп, ортасына елеулі де қалаулы болған сондай жандардың бірі – Ақдәулет Шопашұлы.

Сексен алты жастағы еңбек ардагері соғыс басталғанда  6 жастағы өрімдей бала болатын. «Фронтқа ет, сүт, жылы киім дайындау жұмыстарына тартылып, колхоздың малын бағыстым. Қой қырқу, шөп шабу, бидай, қауын-қарбыз, жоңышқа өнімдерін даярластық, жас шамамызға қарай күні-түні жұмыс істедік», – дейді Ақдәулет ата.

Жұбайы Айман Төлегенова апамызбен 4 қыз өсіріп, олардан тараған немере, шөберенің қызығын көріп отырған қария қазіргі бейбіт заманға шүкіршілік етеді.

Ашхабад облысы, Тәжен қаласында дүниеге келген Ақдәулет Шопашұлы қаршадайынан ата-анадан жетім қалып, аға-жеңгесінің қолында тәрбиеленеді. Соғыс жылдары колхоздағы қосалқы жұмыстарды атқарып жүріп аудандағы №2 орта мектептен он жылдық білім алып шығады. 1955 жылы Ашхабад қаласындағы қаржы техникумына оқуға түскен ол «бюджеттік жоспарлау» бөлімін үздік дипломмен бітіріп, ТССР Қаржы министрлігінің жолдамасымен Красноводск қалалық қаржы бөліміне салық және дайындау инспекторы болып еңбек жолын бастайды. Еңбек ете жүріп Ленинградтағы Қаржы және экономика институтынан да білімін жетілдіріп алған жас маман өзінің еңбекқорлығының арқасында 1959 жылы Мемлекеттік кірістер инспекциясының Красноводск қалалық және аудандық бөліміне жұмысқа орналасады. Аянбай еңбек етіп, әбден шыңдалған оның жігері басшылық лауазымдарға жол ашып, инспекторлықтан салық және алым жөніндегі аға экономист, бөлім басшысы қызметтерін атқарады.

1963 жылы елге бетбұрған ағамыз Таушық елді мекеніне көшіп келеді. Білікті маман Маңғыстау аудандық қаржы инспекциясында экономист, Форт-Шевченко қалалық қаржы инспекциясының бюджеттік жоспарлау бөлімінде аға экономист болып еңбек етті. Бір жылдан соң Ақтау қалалық қаржы инспекциясына аға экономист болып ауысқан Ақдәулет Шопашұлы 1963-1965 жылдардағы қала бюджетін жасауға атсалысқандардың бірі.

«Ақтау – менің көз алдымда қалыптасып, қарқынды дамыған ыстық қала» – деп ерекше тебіреніспен еңбек жолын есіне алған ардагер кейін, 1966 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамына келеді. Автотранспорт мекемесінде аға инженер, экономист, жоспарлау тобының жетекшісі, еңбек және жалақы бөлімінің бастығы қызметтерінде болып құрметті еңбек демалысына шыққан еңбек адамы бастауыш партия ұйымының хатшысы, кәсіподақ ұйымының төрағасы, халықтық бақылау комитетінің төрағасы секілді қоғамдық қызметтерді де қоса атқарды.

Еңбегі еш ескерусіз қалған жоқ. Қазақстан мұнай-газ саласын қалыптастырудағы және дамытудағы елеулі еңбегі үшін, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, Маңғыстау облысының өндірістік күш-қуаты мен әлеуметтік дамуына зор еңбек сіңіргені үшін «Еңбек ардагері» медалі, Маңғыстау облысының, Қазақ ССР-ның, СССР-дің Халықтық бақылау комитетінің Мақтау грамотасы, «СССР мұнай өндірісі министрлігінің үздігі» төсбелгісі, басқа да мерекелік медальдар – сол еңбегіне берілген баға!

Ардақты ақсақалдың тілегі – біреу. «Тәуелсіз еліміз аман болып, болашақ ұрпақ соғыс отын көрмесін. Ел болашағы – жастардың ғұмыры ұзақ болып, еліне қалтқысыз қызмет етіп, бейбіт заманда өмір сүрсе екен деп тілеймін», – дейді ол.

Лаура Жолдыбаева