«Үлбі металлургия зауыты» АҚ – атом энергетикасы үшін ядролық отын өндіруді жүзеге асыратын, құрамында бериллий бар өнімдердің барлық түрлерін шығаратын және құрамында кез келген тантал-ниобий бар шикізатты өңдеуге қабілетті заманауи жабдықтармен жарақтандырылған бірегей кәсіпорын. ҮМЗ қуатты ғылыми-зерттеу базасы, ірі жобалау-конструкторлық институты, қосалқы өндірістердің дамыған инфрақұрылымы бар кәсіпорын, ол «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының құрамына кіреді.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің бірінші отырысында бизнес экономиканың өндірістік секторларындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының көлемін ұлғайту үшін ғылыми қоғамдастықпен ынтымақтасуға тиіс екенін атап өткен болатын.
Өткен жылы Гумилев атындағы ЕҰУ-ға зерттеу университеті мәртебесі берілді. Қазіргі уақытта университетте трансформация бағдарламасы жүзеге асырылып, оның аясында ірі кәсіпорындармен байланыс орнатылуда. Университет ғалымдары ядролық физика, сутегі энергетикасы, мұнай химиясы, «цифрлық егіздер», криптология, биотехнология, инжиниринг, жаңа құрылыс материалдары және тағы басқа салаларда 230-дан астам ғылыми жобаларды жүзеге асыруда. 2022 жылы университет құрамына «Ядролық технологиялар паркі» АҚ кірді.
Сондай-ақ, өткен жылдан бастап ЕҰУ-да коммерцияландыру идеяларын қолдауға арналған «JANA ASU» жеке гранттары құрылды.
«Үлбі металлургия зауыты» АҚ-мен қол қойылған меморандум шеңберінде тараптардың күш-жігері бірлескен ғылыми және ғылыми-техникалық зерттеулер жүргізуге және олардың нәтижелерін өндіріске енгізуге, Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар үшін инвестициялар тартуға, стартап-компаниялар мен шағын-өндірістер құруға бағытталатын болады.
Тараптар сондай-ақ кадрларды даярлау және қайта даярлау, білім беру бағдарламаларын, ғылыми тағылымдамаларды әзірлеу, ғылыми әлеуетті арттыру және кәсіпорынның ерекшелігін ескере отырып, басқа да бірқатар мәселелер бойынша ынтымақтасады.
«Біздің мақсатымыз – ғылыми-техникалық міндеттерді шешу, өндірістерімізді, технологияларымызды жақсарту және қамтамасыз ету үшін бірлескен қолданбалы зерттеулер жүргізу. ЕҰУ-дың керемет ғылыми және кадрлық әлеуеті мен заманауи зертханалық базасы, келешегі зор әзірлемелері бар екенін көріп отырмыз. Біз сондай-ақ университетпен консорциумға кіруге және белгілі бір зерттеулер жүргізу үшін зертханаларымыз бен мамандарымызды ұсынуға дайынбыз», – деп атап өтті Басқарма төрағасының бірінші орынбасары – «ҮМЗ» АҚ бас инженері Владимир Вахненко.
Кездесуде университет ғалымдары мен ҮМЗ басшылығы бірқатар жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.