Еске сала кетейік, 2020 жылдың жазында Fitch Ratings «Қазақтелекомның» несиелік рейтингін «BB+» деңгейінен «BBB-» инвестициялық дәрежесіне дейін көтерген болатын. Агенттік өзінің жылдық есебінде Қазақстандағы дәстүрлі телекоммуникация операторы негізінен тіркелген байланыс қызметтерін ұсынатын компания деңгейінен кең жолақты, ұялы байланыс және ақылы ТВ сегменттерінде жетекші позициялары бар, толыққанды, әртараптандырылған байланыс қызметтерін жеткізуші мәртебесіне дейін жылдам өскенін атап өтті. Бұған 2018 және 2019 жж ұялы байланыс операторларына бақылауды алу бағытындағы қадамы да сеп болған.
«Қазақтелекомның жоғары рейтингтері FCF-free cash flow тұрақты генерациялануымен яғни, еркін ақша ағынымен, сондай-ақ борыштық жүктеменің қалыпты деңгейімен және компанияның кіріс деңгейінің жоғарылауымен байланысты. «Қазақтелекомның» несиелік профилі оның қазақстандық нарықтың барлық телекоммуникациялық сегменттеріндегі жетекші позицияларымен расталады: 2020 жылы компанияның нарықтағы үлесі тіркелген дыбыстық байланыста 93%, тіркелген кең жолақты байланыста 74%, ұялы байланыста 61%, ал ақылы ТВ нарығында 33% болды, бұл кіріс бойынша жалпы нарықтың 65%-дан астамын құрайды», - делінген Fitch Ratings сарапшыларының есебінде.
Агенттік сарапшыларының пікірінше, «Қазақтелекомның» шоғырландырылған кірісі 2020 жылы 23%-ға өсті, бұл ішінара 2019 жылғы маусымда Tele2/Altel бірлескен кәсіпорнының бақылау пакетін сатып алудан кейінгі операциялар ауқымының өзгеруіне байланысты болды. Сонымен қатар, кірістің өсуі мобильді еншілес компаниялардың тиімді жұмыс істеуіне және пандемия кезінде Қазақстанда телекоммуникация қызметіне сұраныстың артуына байланысты болды, ағымдағы жылы агенттік «Қазақтелеком» АҚ кірісінің айтарлықтай өсімін болжап отыр.
Сонымен қатар, Fitch Ratings сарапшылары атап өткендей, Қазақстанның ішкі қаржы нарығының әлсіздігі және оны қаржыландырудың шектеулі мүмкіндіктері компанияның қарыздық жүктеме параметрлеріне қатаңырақ талаптар қояды. Дегенмен, ірі байланыс операторы өз бизнесінің трансформациялануына байланысты және ұсынылатын қызметтердің сапасын үнемі жақсартып отыруының арқасында жаңа талаптарды сәтті шешіп келеді. Оның үстіне компания несиелерді таңдап алып, өзіне тиімді шарттармен жобаларды өз бетінше қаржыландыруға қабілетті.
«Қазақтелеком» АҚ бас қаржы директоры Асхат Өзбеков рейтингтік агенттіктің жариялаған есебіне түсініктеме бере отырып, «Қазақтелеком» АҚ EBITDA көрсеткіші соңғы екі жылда айтарлықтай жақсарғанын атап өтті: Fitch Ratings әдістемесіне сәйкес EBITDA маржасы 2018 жылдың 36% көрсеткішінен 2020 жылы 43%-ға дейін өскен.
«Fitch «Қазақтелекомның операциялық қызметінің таза қолма-қол ақша левереджі 2021 жылы 0,8х төмендейді (2020 жылдың аяғында 1,2х) бұған оның «Kcell» АҚ мобильді еншілес компанияларының біріндегі миноритарлық үлесті сатудан түскен кірістер есебінен және тұрақты бос ақша ағыны (2021 жылғы кірістерден 4%) сеп болады. Қарыз қаражаты үлесінің одан әрі төмендеуі болжанған тұрақты операциялық ақша ағынымен қамтамасыз етіледі», - деп атап өтті Асхат Өзбеков.
Рейтингтік агенттіктің сарапшылары сондай-ақ «Қазақтелекомның» 2021-2023 жылдардағы күрделі салымдары айтарлықтай жоғары деңгейде, кірістің 21-26% дәлізінде қалады деп болжайды. Байланыс операторы бұл қаражатты еншілес ұялы байланыс компанияларына, интеграцияланған мобильді байланыс желісін орналастыруға инвестициялау үшін құймақ, сондай-ақ жеке талшықты-оптикалық байланыс желісін жаңғырту мен кеңейтуге жұмсауды жоспарлап отыр. Осының барлығы компанияның қазақстандықтарға, тіпті еліміздің шалғай аймақтарының тұрғындарына заманауи телекоммуникациялық қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз етудегі мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтуге, сонымен қатар корпоративтік бизнеске де көрсетілетін қызметтердің сапасы мен спектрін жақсартуға негіз болады.
Компания нарықтың жаңа бағыттарын игергеннен кейін «Қазақтелеком» тұрақты даму траекториясына шығып, елдегі ғана емес, сонымен бірге өңірдегі ең тартымды инвестициялық нысандардың біріне айналғанына сенімді. Fitch Ratings агенттігі өз тарапынан «Қазақтелекомның» тіркелген және кең жолақты байланыс сегменттерінде «Ростелеком» сияқты мықты нарықтық позициясы бар екенін баса айтады және ресейлік «Мобильные ТелеСистемы» және «Таттелеком» операторларымен салыстырғанда ұялы байланыс сегментінде неғұрлым жоғары деңгейде екенін атап өтеді.