2023 жылдың желтоқсан айында FlyArystan қарағай көшеттерін өсіру үшін 570 брикет немесе 159 600 литр шымтезек субстратын сатып алып, «Семей Орманы» МОТР аумағына жеткізу арқылы қаржылық қолдау көрсетті. Шымтезек субстратының мұндай қоры 315 гектар аумаққа отырғызуға арналған жабық тамыр жүйесіндегі 1 325 000 көшет өсіру мүмкіндігі бар үш жылыжайдың қорымен тең.
«FlyArystan қолжетімді және қауіпсіз әуе сапарларын қамтамасыз етумен ғана шектелмей, сондай-ақ, белсенді дамып, қызмет атқарып жатқан өңірлерді қолдауды өз миссиясы деп санайды. Біз тек Абай облысы үшін ғана емес, жалпыұлттық маңызы бар осындай ауқымды және мағыналы жобаларға қатыса алатынымызға қуаныштымыз. Бұл бастама біздің ортақ тұрақты болашаққа деген ұмтылысымызды көрсетеді», - деді FlyArystan президенті Ричард Леджер.
2024 жылдың сәуірінде әуекомпания қызметкерлері екінші кезеңді, яғни, көшеттерді өсіру барысын бақылау мақсатында Канонерка филиалына сапармен барды. Филиал аумағында қарағай көшеттіктерін өңдеуге арналған швед жабдықтарымен жарақтандырылған Қазақстандағы жалғыз орман жылыжайы мен орман тұқымы станциясының кешені іске қосылды. Аталған жабдықтың көмегімен көшеттіктерден жоғары сапалы тұқымдар алынып, шымтезек субстратына себіледі де, олардан көшеттер өсіріледі.
FlyArystan әуекомпаниясының демеушілігінің көмегімен жабық тамыр жүйесіндегі миллионнан астам қарағай көшеттері жеделдетілген технология бойынша жылыжайларда өсірілді. Жобаның соңғы кезеңін іске асыру аясында «Семей Орманы» қызметкерлері Морозов филиалының орман-мәдени алаңына көшет отырғызу туралы шешім қабылдады, бұл бүкіл өңірдің экожүйесін қалпына келтіруге оң әсерін тигізуге бағытталған.
FlyArystan әуекомпаниясы орман алқабындағы көшеттердің өсуін бақылауды, сондай-ақ, Қазақстан өңірлеріне оң әсер ететін бастамаларға және азаматтардың әлеуметтік өмір салтының жақсаруына қолдау көрсетуді жалғастырады.