К 30-летию Независимости Казахстана | 08 қараша 17:00

FlyArystan балаларды оңалтуға бағытталған инклюзивті жобаны қолдады

Алматыда вербалды қарым-қатынас жасау мүмкіндігінен айырылған жандарға арналған Eye Tracker (айтрекер) инновациялық технологиясы ұсынылған семинар-практикум өтті. Іс-шараны «Alem Connect» инклюзивті жобасы аясында «Территория успеха» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Бұған дейін FlyArystan әуекомпаниясы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Территория успеха» ҚБ оңалту орталығына қаржылай қолдау көрсетті. Қаражат адамның көз қозғалысын бақылайтын, сол арқылы әртүрлі цифрлық қызметтерді басқаруға мүмкіндік беретін айтрекер құрылғысын сатып алуға бағытталды.

«FlyArystan корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде игі бастамаларға белсенді қолдау көрсетуде. Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жақсартуға бағытталған қоғамдық жобаларды қолдап, оларға қатысу әуекомпания қызметінің маңызды бағыты болып табылады. Біз әр адамның өз әлеуетін ашуға мүмкіндігі бар қолжетімді және инклюзивті ортаны құруға үлес қоса алатынына қуаныштымыз. Біздің әуекомпания ерекше қажеттіліктері бар жандарға жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастырады», - деді FlyArystan Президенті Ричард Леджер.

Айтрекердің көмегімен пайдаланушылар қол қимылынсыз мәтіндерді теріп, оларды дауыстай алады, сондай-ақ басқа жандармен сөйлесіп, білім мен жаңа дағдыларды үйрене алады. Сөйлеуде және моторикасында ауытқулары бар ересектер мен балалар үшін бұл құрылғы тәуелсіз өмір сүруге, сонымен қатар, кәсіби және әлеуметтік шараларға қатысуға мүмкіндік беретін толыққанды қарым-қатынастың нағыз «көпірі» болды.

«Бүгін біз үлкен жұмыс бойынша қорытынды есеп бердік. Жобаның басынан бастап қолдау көрсеткені үшін FlyArystan-ға үлкен алғысымды білдіргім келеді. Әуекомпания бізге «Alem Connect» бастамасын жүзеге асыруға көмек қолын созған алғашқы ұйым. Өз саласында жаңашыл бола отырып, олар осы пилоттық инклюзивті жобаға сенім білдірді, бұл бүгінгі таңда Қазақстанда сөйлеу қабілеті бұзылған балалар үшін жалғыз жоба болып табылады. Бүгінгі таңда 67 бала апробациядан өтіп, өз ойлары мен сезімдерін білдіру үшін айтрекерді сәтті қолдануда. Ерекше баланың анасы ретінде мен FlyArystan ұжымына балаларымызға осындай мүмкіндік бергені үшін алғыс айтамын», - деді «Территория успеха» ҚБ басшысы Рымгүл Утепова.

Айтрекерді сатып алумен қатар, қазақстандық лоукостер жыл сайынғы «Арман теңізі» жобасын іске асыру үшін әуебилеттер ұсыну арқылы ұйымға қолдау көрсетті. Осының арқасында орталық мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың ата-аналарын Түркияға оңалтуға жіберді.

Естеріңізге сала кетейік, «Komek» қайырымдылық бағдарламасы аясында әуекомпания 1 топтағы мүмкіндігі шектеулі адамдар (мүгедек адамдар) және оларға еріп жүретін бір қараушы үшін Қазақстан бойынша әуебилеттерге 50% жеңілдік ұсынады. Жеңілдік шеңберінде мүгедектігі бар жолаушыға 20 келі жолжүкті тегін тасымалдау қолжетімді.