Бүгінде «Халық қалаулысы» атанған кешегі теміржолшы өзін ұлты орыс болғанымен, нағыз жаны қазақ елінің патриоты санайды. Жетімдік зардабын ерте тартқан ол көпбалалы Насыровтар отбасында тәрбиеленіп, Мұрат аға мен оның жары Баян апаның қамқорлығын сезініп өседі. Содан қазақшаға судай кейіпкеріміз тіл байқауларында бірінен соң бірі жеңіс тұғырына көтеріледі.
«Мен тіпті қазақша ойлаймын. Туған жерім Сексеуілде қазақ балабақшасы мен мектебіне бардым. Достарымның барлығы – қазақтар», - деп еске алған бала Генаны өмірінде бұралаңы көп қиын жылдар да жиі сынаған.
Бір жылда ата-анасынан айырылып, Қызылорда қаласындағы балалар үйіне түседі. Дегенмен жаңа мекенге ақыры бауыр баса алмай, түрлі жерде жұмыс істеп, бағын сынап жүріп болашақ жанұясымен танысады. Былай да бес баласы ер жетіп келетін шаңырақ Генаны жылы қабылдап, заңды түрде асырап алады. Қолы алтын жасөспірім қоғамдық істерде де белсенділік танытып, Қазалыдағы арнаулы орта білім ошағын «машинист көмекшісі» мамандығы бойынша үздік тәмамдайды. «Менің Қазақстан» пойызының жұмысына қатысып, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында мемлекеттік тілде жасаған баяндамасы қалың қауым мен Елбасының ризалығына ие болады. Міне содан бағындырып отырған белесі осы.
«Самұрық-Қазына ұжымын мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Ірі холдингтің істері де іргелі. Сіздерге тек қана үлкен табыстар тілеймін. Сәттілік серік болсын. Ел экономикасы жетістіктерінде көшбасшы орыннан таймаңыздар. Қазына кірісін арттырып, халық қамын күйттейтін қамқоршы азаматтар қатары азаймасын», - деп ақжарма тілегін жеткізді Мәжіліс депутаты.