К 30-летию Независимости Казахстана | 13 сәуір 08:32

Жабдықтар жарамды болса, жұмыс тоқтамайды

Қаражанбастың тұтқырлығы жоғары қою мұнайын игеру жолында бу өндіру цехы маңызды қызмет атқарады. Цех мамандары бу өндіру технологиясын да, оны жер қабаттарына айдау жұмыстарын да жетік меңгерген.

Б­ӨЦ слесарі Орақ Күшкімбетовтың қазандықтар мен сорап жабдықтарында 20 жылдан астам тәжірибесі бар.

Тәулігіне 15 мың тонна бу өндіретін цехта кез келген жабдықтың істен шығу қаупі басым. Мұнда үнемі жоғары температура мен қатты қысым сақталады. Қазандықтар және сораптардың жарамдылығы, олардың үздіксіз жұмыс істеуін қазандық жабдықтарының слесарь-жөндеушісі Орақ Күшкімбетов үнемі қадағалап отырады.

«Біз әріптестерімізбен кен орнының қалыптасу жылдарында қалай жұмыс істегенімізді жиі еске аламыз. Ол кезде бар болғаны 5-6 бу генераторлық қондырғы бар еді. Бүгінде олардың саны 40-қа жетті. Бұл өндіріс қуатының артқанына айқын дәлел. Қазір барлығы автоматтандырылған, жыл сайын өндірісті жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Былтыр жыл соңында бу генераторлық паркін жаңартудың 5 жылдық бағдарламасы аяқталды», – дейді ол.

Кейіпкеріміз жемісті де үлгілі жұмысы үшін бірнеше рет компания басшылығының алғыс хатына ие болды. Оның өз ісіне деген адалдығы – нағыз кәсіби маман екенін дәлелдейді. Осындай мұнайшылар арқасында кен орны да қарқынды дамып келеді.