Жиырмадан астам мұнай құбыршы Атыраудағы Жайық өзені жағалауын тазалауға шықты. Олар өзен бойының белгіленген учаскесінен қоқысты тазартып, жағалаудан 6 тонна қоқыс қалдықтарын шығарды.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсене қатысып жүрген Атырау мұнай құбырының қызметкерлері сенбілікке шығып Жайық өзені бойын күл-қоқыстан тазартты. Облыстық «Жасыл ел» қозғалысына атсалысқан мұнай құбыршы жас мамандар Жайық өзенінің батыс бөлігіндегі жағалаудағы 4 шақырым учаскені тазартып, өзен жағасынан демалушылар қалдырып кеткен пластик бөтелке, шыны, темір қалбырлар сияқты қоқыстарды жинады.
Шараны ұйымшылдықпен атқаруға жас мамандар Кеңесі мұрындық болды. Қоқыстар арнайы қаптарға салып, жүк көлігіне тиелді.
Нәтижесінде белгіленген учаскеден 6 тоннадай қоқыс шығарылып, арнайы полигонға аттандырылды.