К 30-летию Независимости Казахстана | 18 қыркүйек 09:26

Жамбыл бөлімшесі бес жылда 193 шақырым жолды күрделі жөндеуден өткізді

Жамбыл магистральдық желі бөлімшесіне қарасты теміржол Қарағанды, Түркістан облыстарымен және көршілес Қырғыз елінің шекараларымен шектеседі.

Табиғи сипаты жағынан орташа қиын климаттық жағдайдағы аумақтарды алып жатыр. Шу, Талас өзендерінің, Тасөткел су қоймаларының және Кировск, Балқаш көлдерінің бойымен өтетін шойын жол кей тұстарда көлбеу орналасқан. Жартасты беткейлерден өтетін жерлерде төмен радиусты қисық учаскелер де кездеседі. Оны теміржолшылар қызмет көрсетуде «қиын» аймақтар деп атайды.  

Негізгі жолдардың жалпы ұзындығы 2173,9 шақырымды құрайды. Оның 212,1 шақырымы станциялық жолдар. Жол бойында 1278 көпір мен құбырлар, 0,369 шақырымдық жерасты өткелі мен 110 көлденең науа бар. Қыста қарлы боранның салдарынан қиындықтар туындайтын телімдер аз емес. Осындай табиғи факторларға қарамастан Жамбыл бөлімшесі теміржолдың күтімін келістіріп, жүк және жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін толық қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар транзиттік әлеуетті ұлғайту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізуде. Мақсат пен меже – пойыздардың қозғалысы жылдамдығын сағатына 120-140 шақырымға дейін арттыру.

– Бүгінде жол шаруашылығын сауықтыру үшін ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр. Тек соңғы 5 жылда 192,64 шақырым жол күрделі жөндеуден өтті. Жолға 242 556 дана жаңа темірбетон шпал төселді. Жамбыл өңірі бойынша жолдың 26,1 шақырымындағы ескі рельс-шпалдық торлар мен 1,3 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілді. Ал негізгі бағыт бойынша 213 жиынтықтағы бағыттамалық бұрмалар жаңасына ауыстырылды. Алдағы жылда да кезең-кезеңімен 230 шақырым жолды темірбетон негізге толық көшіру үшін күрделі сипаттағы жұмыстар жоспарланған, – дейді Жамбыл магистральдық желі бөлімшесінің бастығы Мейрамбек Кенжебаев.  

Мейрамбек Сермағанбетұлының айтуынша, биыл күрделі жөндеу жүргізілген жолдардан шыққан темірбетон торын Бірлік-2 станциясын қалпына келтіруге пайдаланып жатыр екен. Алдымен 29 мың текше метр жолға қиыршық тастар төселген. Сондай-ақ 32 жиынтық көлемінде жаңа бағыттамалық бұрмалар қойылған. Шілде айында Шу – Отар учаскесі бойынша пойыздарды өткізу қабілетін арттыру үшін Алайғыр станциясына 2/4 және Көктөбе станциясына 5/7 жаңа бағыттамалы қылтасы салынған.  

Ардақ Үсейінова

Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"