Кеңеске облыс әкімінің орынбасарлары, облыс аудандарының әкімдері, құрылыс, білім беру, сәулет және қала құрылысы, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармаларының басшылары және мердігер ұйымдар қатысты.
Кеңес барысында жер телімдерін бөлу және инженерлік коммуникацияларды жүргізу, мектептерді интернетпен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Облыс әкімі Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жаңа форматтағы мектептер қажетті оқу жабдықтарымен, түрлі пәндік кабинеттермен, бейнебақылау жүйелерімен толық жабдықталатынын атап өтті.
Маулен Айманбетов техникалық және авторлық қадағалау қызметінің тиімді жұмысының маңыздылығына назар аударды.
Анықтама: Жамбыл облысында 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жалпы 9500 оқушыға арналған 13 мектеп салу жоспарланған (Таразда – 4, Байзақ ауданында – 2, Жамбылда – 1, Қордайда – 3, Меркіде – 1, Шуда - 2).
Ағымдағы жылы құрылысы басталатын 8 мектеп 2024 жылы, 5 мектеп 2025 жылы (2024 жылы басталады) пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Нақтырақ айтсақ, биыл Тараз қаласында 4 мектеп, Байзақ ауданында 2 мектеп, Қордай ауданында 2 мектеп құрылысы басталады.