Мәдімар ауылы Ынтымақ ауылдық округінің әкімшілік орталығы. Облыс орталығына 15 шақырым жерде орналасқан. Осында 2000-нан астам халық тұрады. Жақын орналасқанына қарамастан, ауылда ұзақ уақыт байланыстан қиындықтар болды. Әсіресе, мобильді интернеттің әлсіздігі балалардың толық онлайн оқуына мүмкіндік бермеген. Әсіресе тұрғындарға бұл қиындық карантин кезінде қатты батты.
«Ұялы телефон пайдаланатын Мәдімар ауылының тұрғындары ұялы байланыс мәселесін көптеп сезінуде. Ауыл тұрғындары Теле2 операторына ұжымдық хатпен байланысты жақсартуды сұрағанымен, ұялы байланыс діңгегі шамадан тыс жүктелгендіктен қабылданбаған. Содан кейін кейбір тұрғындар үйлердің төбесінде қолдан жасалған сигнал күшейткіштерді орнатуды бастады, бірақ аздап қана жақсарды. Енді «Қазақтелекомның» арқасында Ынтымақ ауылдық округі жоғарғы жылдамдықта сымсыз интернетке қол жеткізе алады», – деді Ынтымақ ауылдық округінің әкімі Бауыржан Жұматаев. Бірнеше күнде «Қазақтелеком» қызметкерлері қызметті қосуға 96 өтінім қабылдады. Мәдімар тұрғыны Мәди Алмешов мал дәрігерлік пунктінде жұмыс жасайды. «Қазақтелеком» сымсыз интернетін қосқаннан кейін ол жұмыста ғана емес, үйде де өзіне ыңғайлы барлық уақытта құжаттаманы рәсімдей алады.
«Мал дәрігерлік жұмысы – ол тек жануарларды емдеу ғана емес, есеп, нормативтік құжаттарды жүргізу. Үйге интернет қосқаннан кейін, мен кешкі уақыттарда онлайн есеп толтыра аламын. Сондай-ақ интернетті белсенді түрде отбасымның барлық мүшелері пайдаланады: төрт балам және мұғалім-әйелімнің «қолы ұзарып» қалды. Оқу материалдарын қарайды, онлайн-күнделік толтырады. Жылдам интернетке ай сайын 4 700 теңге төлеп отырмын, бұл қолайлы және пайдалы қызмет үшін жақсы баға деп ойлаймын», – деді Мәди Алмешов.
Ауылдарда радиокөпір орнату ТОБЖ АЕМ ауқымды жобасын жүзеге асырғаннан кейін, мемлекеттік мекемелер мен бюджеттік ұйымдар ауылдарда талшықты-оптикалық байланыс желілеріне қосылғаннан кейін мүмкін болды. Сонымен Мәдімар ауылында мектеп, әкімдік, дәрігерлік амбулатория оптикалық талшыққа қосылды. Бұл қосылу нүктелері ауылдарды сымсыз қамтуға негіз болды.
«Биіктігі 40 метр болатын базалық станцияда біз сигналды қамту радиусы 120 градус және қашықтығы шамамен 10 шақырым болатын үш секторлық антенна орнаттық. Радиокөпір 100-ге жуық абонентке қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда өтініш білдірген тұрғындардың барлығы дерлік интернетке қосылған. Бізге разылығын білдірген пікірлердің көп болғандығы қуантады», – дейді Байзақ ЖТЦ желілерінің жабдықтарына техникалық қызмет көрсету жөніндегі инженер Рахим Хаджыбаев.
Сондай-ақ биылғы жылы радиокөпір технологиясы бойынша сымсыз интернет желісіне тағы бір елді-мекен қосылды: Талас ауданы Бостандық ауылының тұрғындары сапалы интернеттің игілігін көре бастады. «Қазақтелеком» қызметкерлері ауыл тұрғындарынан 90-нан астам өтініш жинаған. Сигнал қабылдайтын жабдық абонент үйінің төбесінде орнатылып, отбасының барлық мүшелеріне бір мезетте 20Мбит/с жылдамдықтағы интернет қызметін қамтамасыз ете алады.
Жалпы, Жамбыл облысында ТОБЖ АЕМ жобасы аясында 72 ауылдық елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылды. Бұл аталған ауылдардың әрқайсысын сымсыз жоғарғы жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етуге болады деген сөз.
Мұны мүмкіндігінше тезірек орындау үшін «Қазақтелеком» серіктестікке келісім-шарт жасап, техникалық шарт алып, желілерді өз бетінше салып, абонент төлемінен кіріс ала алатын жеке кәсіпкерлерді ынтымақтастыққа шақырады. Бүгінгі таңда жоба бүкіл ел бойынша сәтті іске қосылып, «Қазақтелекомның» 13 серіктестігі радокөпір орнатуды және 67 ауылдық елді мекенннің тұрғындарын телекоммуникация қызметіне қосуды бастады.