Қуаты 1 ГВт болатын ЖЭС Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында салынады. Нысан энергияны жинақтаудың озық жүйесімен жабдықталады. Инвестицияның жалпы көлемі шамамен $1,2 млрд құрайды, оның басым бөлігі — шетел капиталы. ЖЭС 2028 жылдың IV тоқсанында пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Экология тұрғысынан маңызды «Мирный» жобасы — ҚМГ-ның 2060 жылға дейінгі төмен көміртекті даму бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі. Ұлттық компания жаһандық талаптарға сай «жасыл» технологияларды қарқынды енгізіп, көміртегі ізін кезең-кезеңімен азайтып келеді.
Айта кету керек, жаңа ЖЭС оңтүстік өңірлерді электрмен қамтудың сенімділігін арттырады. Жалпы, жобаның іске қосылуы елдің энергожүйесін нығайтып, жаңартылатын энергия үлесін ұлғайтады әрі Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.