К 30-летию Независимости Казахстана | 04 наурыз 13:00

Жаңа ұжымдық шарт: басымдық еңбек адамына беріледі

Өткен жыл мәресінде «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ мен еңбек ұжымы арасында 2021-2023 жылдарға арналған ұжымдық келісім-шарт жасалып, ол биыл 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Компания теміржолшыларының ұсыныс-тілектері мен кәсіподақ қызметкерлерінің зерттеулері негізінде жасалған жаңа құжатта қарапайым еңбек адамының жағдайын жасауға басымдық берілген.

ӘЛЕУМЕТТІК КЕПІЛДІКТЕР САҚТАЛДЫ

«Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасының орынбасары Жұпарбек Сәбитовтің айтуынша, әлеуметтік әріптестік ұстанымдарына негізделген келісім-шартта еңбекті қорғау, еңбекақы, еңбек құқығын қорғау, жұмыскерлер мен балаларының демалысы және сауығуы жөніндегі қолданыстағы барлық кепілдіктер сақталған. Сонымен қатар, қосымша жеңілдіктерді қарастыратынжаңа ұстанымдар енгізілген. Бұл қосымша төленетін еңбек демалыстарын беру, 2,3,4,5 класты станциялары, сондай-ақ Жаңаарқа, Тобылға қосымша Өскемен-1, Шұбаркөл станцияларының жұмысшыларын қызметтік көлікпен тасымалдауға мүмкіндік болмаған жағдайда оларға ай сайын 2 АЕК мөлшерінде төлем жүргізу қарастырылған. Өндірісте жазатайым оқиға нәтижесінде қайтыс болған не еңбек ету қабілетін ішінара немесе толық жоғалтқан жұмыскерлердің балаларына жазғы сауықтыру демалысын ұйымдастыру нормасы енгізілді. Қызметкерлер жыл сайынғы еңбек демалыстарында теміржол көлігімен жол жүргенде транзиттік отырғызу 48 сағатқа дейін арттырылған.

Ұжымдық келісім-шарт шеңберінде станцияда, өткелде, басып озу пунктінде тұруға мүмкіндігі жоқ, жақын маңдағы елді мекенде тұратын жұмыскерлерге ай сайынғы үстемеақы төлеу мәселесі реттелген. Отан қорғаушылар күнін мерекелеуде компанияда жұмыс істейтін Чернобыль АЭС апаты салдарларын жоюға қатысушыларға, жауынгер-интернационалистерге материалдық көмек төлемі 20 АЕК дейін арттырылды. Сала қызметкерлері – ең құнды актив. Сондықтан еңбек жағдайын, ынталандыру жүйесін үнемі жетілдіріп отыру, оқытуды дамыту, жұмыскерлерді әлеуметтік қолдау деңгейін арттыру – негізгі кадрлық саясат міндеттері.

ЖАҢА ШАРТ ЖАҢАЛЫҚҚА ТОЛЫ

«Жаңа келісім-шартта бұрынғы нормалар сақталды. Ешқандай төмендеген жоқ, қайта біраз қосымша нормалар қосылды. Олар қашықтан жұмыс істеуге қатысты. Өңірлердегі желілерден 150-ден астам ұсыныс түсті. Оның бәрін жұмыс тобы қарады, көп жеңілдіктер енгізілді. Мәселен, жазатайым оқиғалардың, адам жарақаттануының алдын алу үшін жұмыс жүргізуге сайланған техникалық инспекторлардың жұмысын жандандыру үшін оларға қосымша үш жұмыс күніне дейін еңбек демалысы, мүгедек баласы бар қызметкерге баласын медкомиссиядан өткізуге ақы төленетін екі күндік еңбек демалысы беріледі. Сондай-ақ, бұрын жұмысшыға тек ата-анасы мен бауырлары қайтыс болғанда демалыс берілсе, енді олар ата-әжесі мен немерелерінен айырылса да, үш күн демалыс алады», – дейді Жұпарбек Сәбитов.

Жұмыстың ауырлығы мен зиянына байланысты мамандықтар қатарына токарь мамандығы да қосылды. Ал бұрын мүгедектерге компания тарапынан машина берілетін және ол жарамсыз болып қалғанда утилизацияға тапсырып, соған анықтамалар әкелуге мәжбүр болатын. Бұл олардың жүріп-тұруына, ауыл мен орталық арасында шығындануына әкелетін. Сол талап алынып тасталды. Оларға көлік он жылға беріледі, содан кейін де көлік өздерінде қалады.

«Өзге оқшауланған құрылымдық бөлімше» деген термин енгізілді. Магистральдық желі бөлімшесінің құрылымдық бөлімшелерінде бұрын келісім комиссиясына жүгіну үшін қызметкерлер магистральдық желі бөлімшесіне баратын. Ал аталған кейбір дистанциялар бөлімшеден алыс басқа станцияда орналасады. Сондай жағдайда бұл тағы да жолға, іс сапарды ұйымдастыруға шығындануға әкеледі. Сондықтан біз аталған жол, байланыс және белгі беру, электрмен жабдықтау дистанциялары мен басқа да мекемелердің өзінен комиссия ашуға жағдай жасадық. Оның құрамында жұмыс берушіден үш, кәсіподақтан үш адам болады. Олардың шешімі заңды түрде орындалуы керек», – деді төраға орынбасары.

ЕҢБЕКАҚЫ 10 ПАЙЫЗҒА ӨСТІ

Жыл басында компания мен кәсіподақ келісіп, «Самұрық-Қазына» қорына, компанияның Директорлар кеңесінің төрағасыКристиан Кунның атына теміржолшылардың жалақысын он пайызға көтеру туралы ұсыныспен хат жазған болатын. Директорлар кеңесі бұл ұсынысты қолдап, қосымша қаражат бөлуге келісімін берді. Сөйтіп жыл басынан бастап сала мамандарының еңбекақысы 10 пайызға өсті.

 

«Пандемия кезінде іс-шаралар өткізілмегендіктен кәсіподақ қаржысын маска, медициналық қолғап, санитайзер сынды заттарды сатып алуға арнадық. Өйткені, балалар мен қызметкерлерді сауықтыру жұмыстары былтыр жүргізілмеді. Оларды сауықтыру орындарына жеткізіп, кейін алып қайту кәсіподақ қызметкерлерінің міндеті болатын. Мерекелік іс-шаралар саны азайды. Бұдан аздаған үнемге қол жеткіздік. Басқа кәсіподақ ұйымдарының бөлген көмегін есептемегенде тек Орталық кеңестің комиссиясы арқылы 20 млн теңгеден астам материалдық көмек жасалды. Үйін су басып қалған не өртенген, ауырған жұмысшыларға және тағы да басқа жағдайларға байланысты қарап көмектесеміз», – дейді Жұпарбек Абзалбекұлы.

Бүгінде 13 филиалы бар қоғамдық бірлестік төрағасының орынбасары ұжымдық келісім-шарттағы барлық нормалар Қазақстан бойынша АЕК көрсеткішіне байланысты өзгеріп отыратынын айтты. Жыл сайын өсетін айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне қарай шарттағы төлемдер де автоматты түрде көбейеді.

Райхан Рахметова