Атыраудағы сабақтарға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының аумақтық бөлімшесінен және «Қазтрансойл» компаниясының Атырау мұнай құбыры басқармасы, «Ембімұнайгаз» АҚ, NCOC тараптарынан 35 адам қатысатыны жоспарланып отыр. Барлығы «Кәсіподақ көшбасшылығы», «Қаржы менеджменті», «Құқықтық сауаттылық және жауапкершілік», «Медиация мен кикілжіңдерді басқару», «Персоналды басқару» және «Тиімді коммуникация» сынды алты оқу модулінен тұратын жобаның Жайық өзені жағасындағы іс-шараларының алғашқысында білікті дәріскер Ерлан Мұстафин білгенімен бөліспек.
Кәсіподақ мамандарының жаңа кәсіби буынын тәрбиелеуге арналған мұнайлы өңірдегі сабақтар қорытындысында қатысушылар арнайы сынақ тапсырып, оларға сертификаттар беріледі.
«Самұрық-Қазына» қоры Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникациялар орталығы мен ҚР Кәсіподақтар федерациясы бірлесе қолға алған қазіргі заманғы кәсіподақ оқытуларында бастауыш және салалық кәсіподақ ұйымдарының орташа алғанда 60-тан астам жетекшісі көкжиегін кеңейтіп үлгерді.
Кәсіподақтар федерациясының басшылығы әлеуметтік серіктестікке тың серпін сыйлайды деп бағалаған шағын МВА сипатындағы Кәсіподақ көшбасшылығы мектебінің сабақтары алты айға созылатыны күтілуде.