Жалпы Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2019-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына республикалық, жергілікті бюджеттен және өзге де инвесторлардан барлығы 230,3 млрд теңге бөлінген. Осының аясында жұмыссыздық деңгейі төмендейді, тұрғын үй мәселесі шешімін тауып, қаланың жолдары жөнделеді деп күтілуде.
"Жаңаөзен қаласының мұқтаж азаматтары үшін Ақтау қаласынан жалға берілетін пәтерлер сатып алуға "Өзенмұнайгаз" АҚ және республикалық бюджеттен қаржы бөлу жоспарланып отыр. Жалға ұсынылатын пәтерлер Жаңаөзен қаласының жұмыссыздық тізімінде тіркеуде тұрғандарға және ҚР аймағында соңғы 5 жыл ішінде атында пәтері жоқ азаматтарға беріледі. Қазір пәтер алуға ниет білдірген 250 шақты адамның тізімі жасақталып, облыс әкімдігіне жолданды. Енді энергетика басқармасы тарапынан ереже бекітіледі, пәтерлер Ақтау қаласының әкімдігі тарапынан үлестіріледі", - дейді Әділбек Дауылбаев.
Жалпы Жаңаөзен қаласы бойынша 5256 жаңа жұмыс орны ашылуы керек болса, қазір 2340 адам өз жұмысын бастап кеткен. Қала әкімінің айтуынша, жыл соңына дейін қалған жұмыс көзі ашылып, жұмыссыз жүргендер еңбекпен қамтылады деп хабарлайды mangystaumedia.kz.