К 30-летию Независимости Казахстана | 09 қыркүйек 09:20

Жаңаөзенде оқушылар сарайының іргетасы қаланды

Жаңаөзенде Bolashaq Sarayi атауымен оқушылар сарайының іргетасын қалау рәсімі өтті. Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Сенат депутаты Бекбол Орынбасаров, Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов қатысты.

Жаңадан салынатын сарай жаңаөзендік оқушылардың жан-жақты дамуына ықпал ететін заманауи білім беру әрі мәдени орталыққа айналады. Ғимарат құрылысы 2025 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Жаңа нысан қала инфрақұрылымының маңызды бөлігіне айналмақ.

350 балаға арналған ғимарат шамамен 3 мың шаршы метр ауданда орналасқан. Сарайда робот техникасы, бағдарлама жасақтау, 2D/3D модельдеу, шет тілдері, киім дизайны, қолөнер, вокал және халық аспаптарына арналған сыныптар жабдықталады. Сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері, қолданбалы және жаратылыстану ғылымдарына баулитын зертханалар, бейнелеу өнері, актерлік шеберлік, журналистика, хореография және өзге де сабақтарға арналған телестудия ашылады.

 

Оқушылар сарайын салу жобасы Маңғыстау облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары шеңберінде іске асырылуда. Нысан «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның еншілес кәсіпорны «Өзенмұнайгаз» АҚ қаржысына салынады, ал құрылысты тікелей «Ak Su KMG» ЖШС жүргізеді.

«ҚазМұнайГаз» кәсіпорындары орналасқан өңірлерде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға көңіл бөледі. Компания осыған дейін Жаңаөзендегі лицейге арналған ангар үлгісіндегі жаңа спорт кешенінің құрылысын қаржыландырды. Бұдан басқа, «Өзенмұнайгаз» АҚ қаражатына паралимпиадашыларға арналған «Алға» спорт кешені салынды. Бұл игі істердің барлығы компанияның салауатты өмір салтын насихаттап, тұрғындардың спортпен шұғылдануы үшін жағдай жасауға ұмтылысын көрсетеді.

Сондай-ақ, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Маңғыстау облысының оқушыларын қолдау мақсатында «Жарқын болашақ» гранттық білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда. 2023-2024 оқу жылында 450 жоғары сынып оқушысы білім грантын жеңіп алса, биыл еліміздің үздік мектептері мен колледждерінде оқуға 600-ден астам грант бөлінді.

Бұл жобалар ҚМГ-ның өңірлерді дамытуға және қазіргі заманға сай әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу арқылы халықтың өмір сапасын жақсартуға деген ұмтылысын көрсетеді.