К 30-летию Независимости Казахстана | 23 июня 15:30

Жаңаөзенде «Самұрық-Қазынаның» 20 жылдығына орай футболдан турнир өтті

Жарыстар 17–21 маусым аралығында ұйымдастырылды. Турнирге Маңғыстау өңіріндегі өндірістік кәсіпорындардан 16 команда қатысып, 280-ге жуық әуесқой спортшы жасыл алаңда бақ сынады. Өңірлік футбол турнирін Жаңаөзен қаласының әкімдігі ұйымдастырды.

Іс-шара қордың 20 жылдығына және «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының 10 жылдығына орай өткізілді.

Турнирдің жабылу рәсіміне «Самұрық-Қазына» қорының басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады. Ол өз сөзінде қордың әлеуметтік маңызды бастамаларды қолдауға, оның ішінде бұқаралық спортты дамытуға және халық үшін оның қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.

Турнир қорытындысы бойынша Munaifieldservice командасы бірінші орынды иеленді. «Күміс жүлде» Ozen zhylu командасына, ал «қола» KTI Group командасына бұйырды. Сондай-ақ, турнир жеңімпазы биыл күзде өтетін мини футболдан Қазақстан Республикасының XIV чемпионатына жолдама алды.

Спортты қолдау – қор тобының корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік аясындағы негізгі бағыттарының бірі. Бүгінде топтың қолдауымен ашылған 19 спорт кешені жұмыс істеп тұр, биыл тағы 11 спорт нысанының құрылысы басталды.