К 30-летию Независимости Казахстана | 13 января 12:22

Жаңаөзендегі жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы: жобаның қазіргі барысы

 

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Маңғыстау облысына жұмыс сапары кезінде Жаңаөзен қаласындағы жаңа газ өңдеу зауытының құрылыс алаңына барды.

Жоба процесті тиімді ұйымдастыру және жұмыстардың уақтылы аяқталуын қамтамасыз ету үшін 2 іске қосу кешеніне бөлінген.

Бірінші іске қосу кешені бойынша негізгі төмендеткіш қосалқы станциясына арналған жабдық құрылыс алаңына жеткізілді. Қуаты 25 МВА болатын күштік трансформаторлар Қазақстанға келе жатыр.

Екінші іске қосу кешені бойынша жеті нысанның құрылысы жалғасуда (өрт бекеті, зертхана, қойма, әкімшілік-тұрмыстық кешен, операторларға арналған бөлме, өртке қарсы резервуарлар және химиялық реагенттер қоймасы). Алдын ала салқындату және сынапты жою блоктарының модульдерін құрастыру жұмыстары басталды.

Сонымен қатар Siemens газ турбинасының қозғалтқышы, сфералық және вертикалды болат резервуарларының бөлшектері жасалып бітті. Қазіргі уақытта логистикаға қатысты іс-шаралар пысықталуда. Сонымен қатар 22 позициядан тұратын технологиялық жабдықтың бір бөлігі дайын болды, соның ішінде пропан тоңазытқыш қондырғысының компрессоры, жылу алмастыру жабдығы, сыйымдылықтар, сүзгілер және т.б.

Қазіргі уақытта жоба бекітілген кестеге сай жүзеге асырылуда. Жаңа газ өңдеу зауыты Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша салынып жатыр. Жоба жылына 900 млн м³ дейін табиғи мен ілеспе газды өңдеуге қауқарлы заманауи өндірістік кешен құруды көздейді. ҚМГ басшысы құрылыс кестесін қатаң сақтауды және барлық жұмысты белгіленген мерзімде орындауды тапсырды.