Жаңаөзен әкімі Мақсат Ибағаровтың айтуынша, Ақтаудан пәтерлер сатып алуға республикалық бюджеттен 2,9 млрд теңге бөлінсе, "Өзенмұнайгаз" АҚ өз тарапынан 1 млрд теңге қарастыруда. Сонымен қатар, Каспий жағасына көш түзегендерге берілетін 83 мың субсидиядан бөлек, "Өзенмұнайгаз" компаниясы әр отбасыға 100 мың теңгеден жылу ақысын қамтамасыз етпек. Қоныс аударушылардың басым бөлігін жұмыссыздар құрауда.
Осы жылдың қыркүйек айында 541 млн теңгеге 70 пәтер алынған. Қараша айында тағы 50 пәтер еншіленетіні көзделуде. Сондай-ақ, жаңаөзендіктерге Ақтауда мектеп пен балабақша, жаңа жұмыс орны сияқты барлық әлеуметтік жағдай ұсынылатыны хабарлануда. Мәселен, қазіргі уақытта, Маңғыстау облысының орталығында 881 бос жұмыс орны бар екен.
Мұндай істің қолға алынуына жұмыс орындарының аздығы мен Жаңаөзенде халықтың тығыз орналасуы себеп. Ал ірі көлік торабы саналатын Ақтауда индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша жобалар жүзеге асырылуда, құрылыс та қарқынды жүруде.