52 адамға арналған жатақхана жаңа жиһазбен, кондиционерлермен және сантехникамен жабдықталған. Қазір бөлмелерге қоныстану қамымен жүрген мұнайшылардың жүздерінен аста-төк қуанышты көруге болады.
Бұған дейін Қаламқастағы №33 жатақхана күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілген еді. Кенорында апталап жұмыс істейтін мұнайшылар жаңа қоныстың жайлы екенін айтып, тұрмыстық жағдайдың айтарлықтай жақсарғанын жасырмады.
«Әрине, бұрынғымен салыстырғанда үлкен айырмашылық бар, – дейді Қаламқас учаскесі автоколоннасының 4-разрядты жүргізушісі Сабырбек Қарабеков. – Барлық жиһаз жаңа, бөлмелер сапалы жөнделген, сумен жабдықтау және жылыту жүйесі жақсы жұмыс істейді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, компания басшылығына алғысымды айтқым келеді, сондай-ақ бөлмелердің таза болуын қадағалап, кешен ішіндегі тәртіпті сақтауға тиісті шараларды жасайтын жатақхана қызметкерлеріне де дән ризамыз».
Бүгінде Қаламқас кенорнындағы жатақханаларды күрделі жөндеу бойынша 2022-2026 жылдарға арналған бес жылдық жоспар әзірленіп, Қоғам басқармасымен бекітілді. Осы бағдарламаны іске асыру шеңберінде жыл сайын жаңа жиһазбен, кондиционерлермен, сантехникамен және тағы басқа толық жарақтандырылған бес жатақхананы толық жөндеу жоспарланып отыр.