К 30-летию Независимости Казахстана | 28 января 15:59

Жапония сағатына 600 км жүретін әлемдегі ең жылдам пойызды сынақтан өткізді

Жапонияда қазіргі таңда әлемдегі ең жылдам пойыз атануға үмітті бірегей жоба сынақтан өтіп жатыр. Магниттік левитация технологиясына негізделген L0 сериялы прототипі сағатына 603,5 шақырым жылдамдыққа жетті. Бұл Еуропа мен Азиядағы қолданыста жүрген кез келген жүйрік пойыздан әлдеқайда жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Бұл пойызды «Central Japan Railway Company» (JR Central) компаниясы әзірлеуде. Ол болашақта Токио, Нагоя және Осака қалаларын жалғайтын «Тюо Синкансэн» желісінде қатынайды деп жоспарланған.

Қазір Токио мен Нагоя арасындағы жол таңдалған рейске байланысты бір жарым сағаттан екі сағатқа дейін созылады. L0 сериялы пойыздары іске қосылғанда, 286 шақырымдық бұл қашықтықты небәрі 40 минутта басып өтуге болады.

Егер бұл желі Осакаға дейін ұзартылса, Жапонияның үш ірі мегаполисі біртұтас экономикалық аймаққа айналады. Бұл пойызбен жүру уақыты ұшақпен ұшқанмен бірдей болмақ.

Мәселен, осындай жылдамдықпен жүретін пойыз Қазақстанның екі қаласы, мысалы, Алматы мен Шымкент арасын (шамамен 700 км) 1 сағат 10 минутта басып өтер еді.

L0 сериясы неге соншалықты жылдам?

Бұл жылдамдыққа магниттік левитация технологиясының арқасында қол жеткізілді. Мұнда пойыз бен рельс арасында физикалық байланыс болмайды:

Магниттік өріс пойызды жолдан көтеріп, бағыттап отырады.

Қозғалысты сызықтық электр қозғалтқышы қамтамасыз етеді.

Үйкеліс пен механикалық тозудың болмауы жылдамдықты шекті деңгейге жеткізуге мүмкіндік береді.

Коммерциялық қолданыста пойыз шамамен 500 км/сағ жылдамдықпен жүреді деп күтілуде.

Технологиялық жетістіктің бағасы да төмен емес. «Тюо Синкансэн» жобасының құны қазірдің өзінде 60 миллиард еуроға жетті. Бастапқыда 2027 жылға жоспарланған іске қосу мерзімі тағы он жылға шегерілді. Жапон баспасөзінің мәліметінше, жобаның нақты аяқталу уақыты — 2034–2035 жылдар.

Кешігудің басты себебі — жерасты жұмыстары. Пойыздың аса жоғары жылдамдықта тұрақтылығын сақтау үшін бағыттың басым бөлігі арнайы тоннельдер арқылы өтуі тиіс.

Қытай — басты бәсекелес

Жапониямен қатар Қытай да өзінің маглев-пойызын белсенді дамытып жатыр. CRRC Changchun компаниясы таныстырған жаңа прототип те сағатына 600 шақырымды бағындыруға қауқарлы.

Қытайлық нұсқаның ерекшелігі — гибридті концепция: пойыз төмен жылдамдықта дөңгелекпен жүріп, 150 км/сағ-тан асқанда магниттік левитация режиміне ауысады. Бұл Бейжің мен Шанхай арасындағы жол уақытын 4 сағаттан 2,5 сағатқа дейін қысқартуы мүмкін.

600 км/сағ жылдамдықпен ұшатын пойыздар әзірге тек Жапония мен Қытайдың технологиялық бәсекесінің нышаны іспетті. Орасан зор шығындар, энергияны көп тұтынуы және қолданыстағы теміржол желілеріне интеграциялаудың қиындығы бұл жобалардың жаппай таралуына кедергі болып отыр.

Дегенмен, бір нәрсе анық: «болашақтың пойызы» үшін талас қызып тұр, ал Еуропа бұл бәсекеде әзірге тек сырттай бақылаушы рөлінде.