К 30-летию Независимости Казахстана | 02 маусым 10:26

«Жас келсе – іске»: Қазпошта жас мамандарды жұмысқа тартуда

Қазпоштада білікті басшылардан бөлек, жас, талантты мамандар да жұмыс істейді. Солардың бірі – Азамат Досәлиұлы Абдуманапов. «Жас келсе – іске» ұранын ұстанатын ол, бар болғаны жарты жыл ішінде өзінің кәсіби біліктілігін көрсетіп, Шымкент поштамтының белді қызметкеріне айналған. Ендеше #Қазпоштакелбеті айдарының бүгінгі кейіпкері – Азамат Абдуманапов, сіздерге өзінің қызықты әрі жауапкершілігі мол қызметінің қыр-сыры жайлы айтатын болады.

«Мен мұнда байланыс операторы қызметін атқарамын. Пошта бөлімшесіне жұмысқа тұрғаныма бар болғаны алты ай болды. Бірақ өзім үшін бұл жерде көп нәрсені үйрендім. Көпшілік поштада байланыс операторының жұмысы қандай екенін біле бермейді. Біздің міндетіміз – поштадағы сәлемдемелерді жіберу болып табылады. Ол дегеніміз, біз клиенттердің хат-хабарлары, бандерольдерін жөнелтеміз. Клиетпен жұмыс – оңай емес. Алайда біз пошта бөлімшесіне келген әр адамға барынша көңіл бөліп, олардың сәлемдемелерін уақтылы әрі еш ақаусыз жеткізілуіне бар күшімізді саламыз. Себебі әр клиент – біз үшін табыс көзі, сондықтан сапалы қызмет көрсету – біздің басты міндетіміз», – дейді ол.

Азамат Абдуманапов өз қызметінің артықшылықтары туралы да айтып берді.

«Кез келген жұмыста өзінің артықшылықтары әрі кемшіліктері болады. Бірақ бұл жұмыста мен тек артықшылықтарын көріп келемін. Себебі, жалақымды уақытша аламын, жұмыс режимі де ыңғайлы, ұжымым қандай тамаша. Пошта бөлімшесіндегі үлкен жұмысты атқару бір адамның қолынан келе бермейтін еңбек, сондықтан бұл жерде бүкіл ұжымның ерен еңбегі жатыр. Сондықтан, жас болсам да, қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар берген ұжымыма мың алғыс», – деп сөзін қорытындады ол.

Майнұр Жанақова